Кеше 2026, 21:50 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Astana Half Marathon: Елордадағы жүгіру жарысына 7000 адам қатысады

Жарысты «Смелость быть первым» корпоративтік қоры ұйымдастырады.

7 маусым күні елордада бесінші рет Astana Half Marathon жартылай марафоны өтеді. Астанадағы ең ірі жүгіру жарысына әлемнің 30-дан астам елінен 7000 қатысушы жиналады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жарысты «Смелость быть первым» корпоративтік қоры ұйымдастырады. Қатысушылар арнайы ашылған almaty-marathon.kz сайты арқылы тіркеле алады.

Старт пен мәреге келу орны – «Қазақ елі» монументі маңындағы «Тәуелсіздік» алаңы. Бағыт елорданың негізгі урбанистикалық нысандары мен көрікті жерлерін қамтиды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Half Marathon соңғы бес жылда елорданың ең ірі спорттық іс-шараларының біріне айналды. Жарысқа Қазақстаннан бөлек, шетелдік жүгірушілер де тұрақты түрде қатысып келеді.

«Астананың қолайлы логистикасы, жазғы ауа райы мен аз еңісті рельефі халықаралық деңгейдегі жүгіру жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді», – деді қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Жарыс бағдарламасына 21,1 шақырым, 10 шақырым, скандинавиялық жүріс және командалық «Экиден» эстафетасы енгізілген. Қатысушылар қатарында кәсіби спортшылар да, әуесқой жүгірушілер де болады. Белгіленген уақыт ішінде мәреге жеткендердің барлығына арнайы медаль табысталады.

Сонымен қатар жартылай марафон аясында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп, 21,1 шақырым қашықтық бойынша Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады.

Astana Half Marathon халықаралық AIMS қауымдастығына кіреді және World Athletics ұйымының тасжол сертификатына ие.

Іс-шара бағдарламасы бойынша старт-финиш қалашығы таңғы сағат 05:00-де ашылады. Ал негізгі жарыстар 06:00-де басталады. Марапаттау рәсімі 08:50-де өтсе, іс-шара 11:00-де ресми түрде аяқталады.

Astana Half Marathon елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.