Astana Finance Days 2026 шарасына 8 мыңға жуық адам тіркелді
Астанада IX Astana Finance Days 2026 қаржы форумы өз жұмысын бастады. Биылғы іс-шара Delivering Impact: Capital in Action тақырыбымен өтіп, экономикада нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішевтің айтуынша, форумға 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген.
«Он жыл бойы АХҚО қажетті инфрақұрылымды құру бағытында жұмыс істеді. Қазір біз инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылықты көріп отырмыз және әртүрлі салалар үшін нақты шешімдер ұсына бастадық», – деп атап өтті Жанболат Кәкішев.
Оның айтуынша, іс-шараға 90 елден келген компаниялар мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысуда. Олардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі шамамен 26 триллион долларды құрайды.
«Біз үшін бұл – инвесторларға Қазақстанның стратегиялық басымдықтары, қолданыстағы мүмкіндіктер мен әлеуетті серіктестер туралы айтып берудің үлкен мүмкіндігі», – деп баса айтты спикер.
Екі күн ішінде форум қатысушылары цифрлық теңгені, токенизацияны, жасанды интеллектіні және оны қаржы секторында қолдану мәселелерін талқылайды. Жекелеген сессиялар институционалдық капиталға, тау-кен өнеркәсібіне, ислам қаржыландыруына, логистикаға, көлік және креативті индустрияға арналған.
Басты бағыттардың бірі юниорлық тау-кен компанияларына дамудың бастапқы кезеңдерінде инвестиция тартуға көмектесуге арналған Junior Mining Platform бағдарламасы болды. Жұмыс тобы Оман, Ұлыбритания, Қытай және басқа елдердің инвесторларына ұсынылатын 23 жобаны іріктеп алды.
«Қазақстанда да, бүкіл әлемде де осындай жобаларға қаржы салып, жоғары тәуекелдерді өз мойнына алуға дайын инвесторлар аз. Біз бұл бағдарламаны жүйелі түрде іске асыру міндетті түрде нәтиже беретініне сенімдіміз», – деді Кәкішев.
Сонымен қатар форумда креативті индустрия саласындағы жобалар таныстырылады. Іріктелген бастамалардың шамамен 70%-ы GameDev – компьютерлік ойындарды әзірлеу саласына тиесілі. Олардың авторлары өз идеяларын әлеуетті инвесторларға тікелей таныстыра алады.
Айта кетейік, BlackRock, Goldman Sachs және басқа да жаһандық инвесткомпаниялар Астанада бас қосуда.