Astana Finance Days 2026: Халықаралық инвесторлар Қазақстан нарығына қызығушылық танытуда
Janus Henderson Investors компаниясының өкілі Мишал Аль Фарис Astana Finance Days 2026 форумында ел нарығы туралы ойын айтты
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) шетелдік капиталдың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыратын басты алаңдардың біріне айналып келеді. Astana Finance Days 2026 форумы аясында Janus Henderson Investors компаниясының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия бойынша өңірлік басшысы Мишал Аль Фарис осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Janus Henderson Investors – активтерді басқару бойынша әлемдегі ірі халықаралық компаниялардың бірі. Қазір бұл ұйымның басқаруындағы қаражат көлемі 500 миллиард доллардан асады. Компания акциялармен, фиксирленген кірістілік құралдарымен және жеке несиелеу бағыттарымен жұмыс істейді.
Аль Фаристің айтуынша, компания Қазақстандағы қызметін кеңейтуге аса мүдделі.
Біз бұл бағытқа үлкен қызығушылық танытып отырмыз. Қазақстан үкіметімен байланыс орнатып, ынтымақтастықты тереңдету, қызмет көлемін ұлғайту және елімізге тікелей инвестиция құю жолдарын талқылап жатырмыз, – деді Мишал Аль Фарис.
Ол Astana Finance Days шарасына қатарынан екінші жыл қатысып отырғанын айтып, форумның ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, қаржылық экожүйенің дамуына байланысты алдағы уақытта тағы да көптеген халықаралық компаниялар АХҚО-да өз өкілдіктерін ашуы мүмкін.
Сарапшы қаржы орталығының жаңа технологиялар мен цифрлық активтер бағытындағы жұмысына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, бұл сала бүгінде шетелдік инвесторлардың назарын ерекше аударып отыр.
АХҚО атқарып жатқан жұмыс – нағыз феноменалды көрсеткіш. Олар цифрлық платформаны белсенді түрде дамытып, орталық ішінде Innovation Hub (инновациялық хаб) құрды. Бұл аталған саламен жұмыс істеуді әлдеқайда қолжетімді әрі жүйелі ете түсті, – деді ол.
Аль Фарис шетелдік компаниялар үшін АХҚО-ның басты артықшылықтарының бірі – жеке реттелетін орта мен ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген құқықтық жүйенің болуы екенін жеткізді.
Барлық қызмет қауіпсіз платформа ішінде жүзеге асырылады және ағылшын құқығына сүйенетін тәуелсіз АХҚО заңнамасымен реттеледіИнвесторлардың Қазақстанға ерекше назар аударуына тікелей ықпал етіп отырған басты фактор да осы деп ойлаймын, – деп түйіндеді сөзін Аль Фарис.
Айта кетейік, биылғы Astana Finance Days 2026 форумына 90 елден активтерінің жалпы көлемі 26 триллион долларға жететін халықаралық компаниялар мен қорлардың өкілдері жиналды.