«Астана» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропа лигасының екінші кезеңі аясында «Астана» мен Андорраның «Санта Колома» командалары кездесті.
Андоррадағы алғашқы ойын 0:0 есебімен аяқталған. Сондықтан, бұл жолы ел чемпиондарына тек жеңіс керек болатын.
Матчтың 7-минутында күтпеген жерден қонақтар есеп ашты. Ортадан жойқын соққысымен Энрик Пи қақпашы Эричті қапы қалдырды.
«Астана» тек бірінші таймның соңында таразы басын теңестіре алды. Пенальтиден Рунар Мар Сигурьонссон мүлт кеткен жоқ.
Үзілістен кейін Романа Григорчук шәкірттері тізгінді толықтай қолға алды. Екінші таймда алаңға шыққан Марин Томасов жарты сағаттың ішінде хет-трик жасап үлгерді. Сөйтіп, бұл матч хорват футболшысының бенефисіне айналды. Қорытынды есеп - 4:1.
Осылайша, «Астана» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Енді, жерлестеріміз Мальтаның «Валлета» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 8 тамызда елордада өтсе, қарымта матч 15 тамызға жоспарланған.
«Астана» - «Санта-Колома» - 4:1 Голдар: Пи,6 (0:1).Сигурьонссон, 24-пенальтиден (1:1).Томасов, 73 (2:1). Томасов, 79 (3:1).Томасов, 90+3 (4:1).