«Астана-Ерейментау-Павлодар» автожолындағы жөндеу жұмыстары аяқталды

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Павлодар облысында «Астана-Ерейментау-Павлодар» республикалық автожолындағы 235-259 шақырымды қамтитын проблемалық учаскіде жөндеу жұмыстары аяқталғаны туралы жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Жөндеу жұмыстарымен «АстанаСтройМонтажИнжиниринг» серіктестігі айналысты. Жалпы 138 мың м2 жол жөнделіп, 35 бірлік жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды, ­­- деп жазды ИИДМ басшысы.

Бүгінгі таңда асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары толық көлемде орындалған.

Шынымен, аталған жолдың осы учаскесіне қатысты мәселе аймақтағы көп жылдардан бері қордаланып, шешілмей келген сұрақтардың бірі еді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де реті келіп жатса, бірден аталған жол бөлігінде құрылыс жұмыстары қашан аяқталатыны туралы сұрақтар қоятын. Әсіресе, осы жол туралы ерекше алаңдаушылық танытқан журналист қарындасым А.Коскина. Тіпті, бірде «Биыл аяқтайтыныңызға уәде бересіз бе?» деп сұрағанда, «Иә» дегенмін. Ақпарат айдынында қызмет етіп жүрген іні-қарындастарымыздың әлеуметтік маңызды мәселелерге алаңдаушылық білдіруі дұрыс. Өйткені, БАҚ өкілдерінің маңызды міндеттерінің бірі – қоғамда орын алған өзекті мәселелерді атқарушы мемлекеттік органдар өкілдерінің назарына жеткізу болып табылады ғой, - деп атап өтті министр.  

ИИДМ басшысы сонымен бірге автомобиль жолдарының, оның ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасына қатысты мәселе ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында да маңызды орын алғанын атап өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай сапалы жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізуді тапсырған болатын. 

Бұл бағыттағы жұмыстар министрлігіміздің күн тәртібінен түспейді, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы