Астана ЕАЭО-ның басты алаңына айналады: Қазақстан қандай бастамаларды ұсынады?
Елордада өтетін ЕАЭО форумында жасанды интеллект, транзит, сауда және бизнеске қатысты маңызды шешімдер талқыланбақ.
28-29 мамыр күндері Астана еуразиялық экономикалық күн тәртібінің басты алаңына айналады. Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы және V Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Іс-шаралар Қазақстанның ЕАЭО органдарына төрағалық етуі аясында ұйымдастырылып отыр. Форумның басты тақырыбы – «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектке басымдық».
BAQ.KZ тілшісі күн тәртібіне қандай мәселелер шығарылғанын, Қазақстан қандай бастамаларды ілгерілетіп жатқанын және бұл кездесудің ел үшін маңызы неде екенін зерделеді.
Форум Қазақстан үшін неге маңызды?
2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. ЕАЭО мемлекет басшыларына арнаған үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қаңтардан бастап төрағалық Қазақстанға өткенін айтып, Одақтың жаңа даму кезеңі 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясына негізделуі тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан үшін ЖЕЭК отырысы мен Еуразиялық экономикалық форумды өткізу – ірі халықаралық оқиға ғана емес, сонымен қатар Одақ аясындағы экономикалық басымдықтарын айқындауға мүмкіндік. Атап айтқанда, транзиттік әлеуетті дамыту, сауда кедергілерін азайту, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, сондай-ақ серіктестермен кооперацияны кеңейту мәселелері күн тәртібінде тұр.
Nazarbayev University жанындағы Ұлттық аналитикалық орталықтың жетекшісі, экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қазіргі форум Қазақстанның Еуразиядағы экономикалық және транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуі мүмкін.
Қазақстан үшін бұл – өзін Еуразияның экономикалық және транзиттік орталығы ретінде бекіту мүмкіндігі. Аймақта күрделі геосаяси ахуал сақталып отыр, Ресейге қарсы санкциялар енгізілген, логистикалық және сауда бағыттары өзгеріп жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан ТМД кеңістігінде ғана емес, жалпы Еуразия мен Орталық Азияда алдыңғы орынға шығып келеді. Мұндай форумның Астанада өтуінің өзі еліміздің саяси әрі инвестициялық мәртебесін күшейте алады, – деді Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өзін сыртқы экономикалық байланыстары мықты, тұрақты экономика ретінде көрсетуі маңызды.
Бұл – сауда бастамаларын, транзиттік жобаларды, өнеркәсіптік кооперацияны және цифрлық тәсілдерді ілгерілету мүмкіндігі. Қазір әлемде тұрақсыздық көп, ал Қазақстан үшін бұл – өзіміздің орнықты экономика екенімізді көрсету тәсілі. Форумды жай ғана өткізіп қою емес, оны аймақтағы рөлімізді күшейтетін құрал ретінде пайдалану маңызды, – деді сарапшы.
Форумда не талқыланады?
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, V Еуразиялық экономикалық форум 28-29 мамыр күндері EXPO іскерлік кешені аумағындағы Астана Конгресс-орталығында өтеді. Форум аясында төрт тақырыптық блокқа біріктірілген шамамен 30 іс-шара ұйымдастырылады.
Негізгі назар ЕАЭО елдерінің экономикасын цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық сауданы дамыту, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіп кешені, логистика және ортақ еңбек нарығы мәселелеріне аударылады.
Бұған дейін ЕЭК кеңесінің отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның төрағалық кезеңіндегі басымдықтарын атаған болатын. Олардың қатарында:
– экономика салаларына жасанды интеллект құралдарын енгізу;
– Одақтың логистикалық әлеуетін пайдалану;
– өнеркәсіп пен АӨК-ті цифрландыру;
– өзара саудадағы кедергілерді жою;
– үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту бар.
Осылайша, Астанадағы форум тек саяси мәлімдемелер алаңы ғана болмайды. Негізгі мәселе – ЕАЭО елдері сауда, транзит және бизнес жұмысын жеңілдететін нақты шешімдерге келе ала ма деген сұрақ.
Жасанды интеллект – ЕАЭО-ның жаңа күн тәртібі
Форумда жасанды интеллект тақырыбына ерекше басымдық беріліп отыр. Қазақстан ЖИ-ді жеке технологиялық бағыт емес, экономиканы, логистиканы, өнеркәсіпті, аграрлық секторды және мемлекеттік басқаруды дамыту құралы ретінде қарастыруды ұсынып отыр.
Бұл бағыт елдің жалпы цифрлық күн тәртібімен де үндеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдері басшыларына жолдаған үндеуінде жасанды интеллект еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың негізгі құралдарының біріне айналуы тиіс екенін айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан ЕАЭО серіктестерімен ЖИ, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында тәжірибе алмасуға ашық.
Бизнес үшін бұл практикалық маңызға ие болуы мүмкін. Әңгіме цифрлық сервистер, электронды құжат айналымы, ашық рәсімдер, бюрократияны қысқарту және тауарлардың шекарадан жылдам өтуі туралы болып отыр.
Транзит пен логистика – Қазақстанның басты мүддесі
Қазақстанның ЕАЭО аясындағы негізгі мүдделерінің бірі – транзиттік әлеуетті дамыту. Шығыс пен Батыстың ірі нарықтарының арасында орналасқан ел үшін көлік дәліздері стратегиялық бағыт болып қала береді.
Бұған дейін Үкімет «тігіссіз» транзитті дамыту қажеттігін атап өткен. Әңгіме навигациялық пломбаларды қолдану, бірыңғай транзиттік декларация және кедендік төлемдерді қамтамасыз етудің бірыңғай тетіктері туралы болып отыр. Бұл шаралар тауар қозғалысын жеңілдетіп, бизнес шығындарын азайтуға тиіс.
Расул Рысмамбетов Қазақстанға ЕАЭО ішіндегі тиімді сауда және логистикалық механизмдерді қазірден қалыптастыру маңызды екенін айтады.
Тауарлар шекарадан жылдам өтуі керек, рәсімдер түсінікті әрі ашық болуы қажет. Ресей нарығы – 140 миллионнан астам тұтынушы. Сонымен қатар Еуропа бағытына транзит те біз үшін маңызды болып қала береді. Сондықтан көлік дәліздері, цифрландыру және рәсімдерді жеңілдету – бұл абстрактілі тақырыптар емес, Қазақстанның нақты экономикалық мүдделері, – деді экономист.
ЕАЭО нарығына тәуелді салалар
Рысмамбетовтің айтуынша, ЕАЭО қазақстандық бірқатар салалар үшін маңызды нарық болып қала береді. Әсіресе:
– машина жасау;
– металлургия;
– тамақ өнеркәсібі;
– аграрлық сектор.
Бұл салалар үшін кедендік баждардың болмауы, жақын логистика және үлкен нарықта жұмыс істеу мүмкіндігі маңызды. Егер ЕАЭО ережелері дұрыс жұмыс істесе, Одақ қазақстандық өндірушілер үшін негізгі нарықтардың біріне айнала алады, – деді сарапшы.
Агроөнеркәсіп кешеніне де ерекше мән беріліп отыр. Форум бағдарламасында ортақ аграрлық нарықты цифрлық жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау, электронды сервистер және сауданың жаңа құралдары талқыланбақ.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 маусымнан бастап ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін шығару, айналымға енгізу және өтеу қағидалары туралы келісім күшіне енуі тиіс.
Бизнеске кедергілер әлі де бар
Ортақ нарық болғанымен, ЕАЭО аясындағы бизнес әлі де түрлі кедергілерге тап болады. Қазақстан төрағалық кезеңінде осы мәселелерді көтеруді жоспарлап отыр.
Үкімет мәліметінше, өзара саудадағы тосқауылдарды жою және үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі.
Рысмамбетовтің сөзінше, кәсіпкерлер көбіне кедендік баждарға емес, тарифтік емес шектеулерге, техникалық талаптарға, сертификаттау мен санитарлық нормаларға байланысты қиындықтарға тап болады.
Формалды түрде бізде ортақ нарық бар. Бірақ іс жүзінде бизнес түрлі кедергілерге жиі ұшырайды. Кейде бұл жасырын протекционизм сияқты көрінеді. Сондықтан серіктестердің нарықты шын мәнінде ашуына қол жеткізу керек немесе Қазақстан өз компанияларын қорғау жолдарын ойластыруы тиіс, – деді ол.
Қазақстан үшін форумның нәтижесі қандай болуы мүмкін?
ЖЕЭК отырысы мен V Еуразиялық экономикалық форум ЕАЭО өзінің экономикалық моделін қайта қарастырып жатқан кезеңде өтіп отыр. Бұрын негізгі назар сауда мен кедендік ережелерге аударылса, қазір цифрлық үйлесімділік, жасанды интеллект, логистика және бизнеске арналған кедергілерді азайту мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Қазақстан үшін бұл – Одақ аясында прагматикалық экономикалық күн тәртібін ілгерілететін ел ретіндегі рөлін күшейту мүмкіндігі. Атап айтқанда, транзит, цифрлық сауда, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ұлттық бизнестің мүддесін қорғау бағыттары басты назарда.
Негізгі сұрақ – талқылаулар нақты шешімдерге ұласа ма? Егер форум қорытындысында сауданы жеңілдету, рәсімдерді цифрландыру және тарифтік емес кедергілерді азайту бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілсе, Астанадағы форум Қазақстанның ЕАЭО-дағы экономикалық рөлін күшейтетін маңызды қадамға айналуы мүмкін.