«Астана» - «Динамо Загреб» матчына төрешілер тағайындалды
Футболдан УЕФА Конференция лигасы бесінші турындағы қазақстандық «Астана» мен «Динамо Загреб» (Хорватия) кездесуінде шотландиялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу 30 қарашада елорда уақытымен 21:30-да «Астана-Арена» стадионында басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын барысында шотландиялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Бас төреші - Джон Битон. Оған Дэниэл Макфарлейн мен Алан Малвэнни көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі - Мэтью Макдермид.
«Астана» командасы C тобында ойын көрсетеді. Төртінші турдан кейін «Виктория Пльзень» (Чехия) - 12 ұпай жинаса, «Балкани» (Косово) мен «Астана» - 4, «Динамо Загребте» - 3 ұпай бар.
Қазірге дейін астаналық клуб сырт алаңда «Динамо Загребке» 1:5, өз алаңында «Виктория Пльзеньге» 1:2 есебімен жеңілді. Сондай-ақ, «Балканиді» сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнады.
Айта кетсек, «Астана» мен «Динамо Загреб» бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Барлығында хорватиялық клуб басым түсті.