Астана декларациясының қабылдануы маңызды шешім – сарапшы
Сарапшы, ҚҚДИ менеджері Ернар Қушалиев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келуі жөнінде және ШЫҰ Астана саммитіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, саммиттің Астанада өтуі Қазақстанға өзінің халықаралық мәртебесін көтеруге елеулі мүмкіндіктер береді.
Саммит барысында 25 көлемді құжатқа қол қойылды, Астана декларациясы қабылданды. Бұл – өте маңызды шешім. Саммиттің Астанада өтуі Қазақстанға өзінің халықаралық мәртебесін көтеруге елеулі мүмкіндіктер береді. Мұндай ауқымды шараның ұйымдастырылуы еліміздің әлемдік аренадағы маңыздылығын көрсетті, оның аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге белсене қатысу қабілетін байқатты. Қазақстанның төрағалығымен ұйым күш-жігерін аймақтағы қауіпсіздіктің негізгі қатерлеріне қарсы тұруға жұмылдырды. Бұл бірқатар стратегиялық бастамалардан көрініс тапты. Саммит барысында есірткіге қарсы стратегия, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы жаңартылып, ұзақ мерзімді перспективалар мен амбицияларды көрсететін ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ШЫҰ қызметін жетілдіру тұжырымдамасы қабылданбақ,- дейді Ернар Қушалиев.
Сарапшының сөзінше, жаңа көлік жобалары, жаһандық саясаттағы өзгерістер, державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне серпін береді.
Қытай үшін Орталық Азия, әсіресе, Қазақстанның стратегиялық маңызы зор. Қазақстанмен Қытай үшін көлік саласындағы ынтымақтастық ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды буынына айналып келеді. Жаңа көлік жобалары, жаһандық саясаттағы өзгерістер, державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі – осының барлығы Қазақстан мен Қытайды өз стратегияларын үнемі бейімдеуге мәжбүр етеді. Сайып келгенде, бүкіл Орталық Азияның болашағы көп жағдайда Қазақстан мен Қытайдың осы күрделі жағдайларда қаншалықты сәтті маневр жасай алатынына байланысты болмақ, - дейді сарапшы.
Ернар Қушалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы, көлік логистика саласы қарқынды жүзеге асып келеді.
2023 жылы елдер арасында теміржол арқылы 28,3 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл бір жыл бұрынғыдан 22 пайызға артық. Қытайдың Цзянсу провинциясы көлік қатынасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Сонау 2014 жылы Ляньюньган портында қазақстандық тауарлардың теңізге шығуына жол ашқан бірлескен логистикалық терминал салынды. Ал қазір аймақтағы экономикалық шектеулерге байланысты Қытай жаңа бағыттарды, соның ішінде Орталық Азия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға бағыттарды қолға алмақ, - дейді сарапшы Ернар Қушалиев.