«Астана» Чемпиондар Лигасының алғашқы матчын жеңді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. УЕФА Чемпиондар Лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Астана» футбол командасы Румынияның «ЧФР Клуж» клубымен кездесті. Алғашқы ойын 1:0 есебімен елорда командасының пайдасына аяқталды. Гол авторы - Евгений Постников. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Ойын соңында «Астана» бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
- Ойын соңында қақпаларыңызға гол жіберіп ала жаздадыңыздар. Соңғы минуттарда не жетіспеді?
- Менің ойымша, ойынның соңғы бөлігі біз үшін жақсы өтті. Қарсылас қақпасына екінші голды соғу үшін барынша қыспаққа алдық. Егер сол бір сәтті есепке алмайтын болсақ, маған ойын ұнады.
- Ротариудың қапталдағы ойынына қандай баға бересіз? Томасовты алмастыруыңыздың себебі неде?
- Мен Ротариу туралы барлық ақпаратты білемін. Ол қапталға ауысқан сәтте, өте жақсы ойын үлгісін көрсетті. Ал Томасовқа келер болсақ, ол шаршау көрінді. Оған қоса, оның отбасында соңғы уақытта бірқатар мәселелер орын алып жатыр. Марин өте шаршау көрінді.
- Бүгінгі кездесуде шабуыл шебінде соңғы пас жетіспегендей әсер қалдырды?
- Мен Сіздің бұл ойыңызға құрметпен қараймын. Біз барынша допты бақылауда ұстап, ойынды байыппен, әрі сенімді бастадық. Барынша тәртіпке бағынып, өз ойынымызды көрсетуге тырыстық. Оған қоса, қарсылас команда да жинақы ойын көрсетті. Егер қапталмен асырған пастарымыз өткенде, қауіптірек болар ма еді. Бүгінгі кездесуде бір гол ғана соққанымыз өкінішті.
- Шимунович пен Сигурьонссон еуропалық деңгейдегі ойындарға толық дайын емес сияқты?
- Мен Сіздің бұл пікіріңізбен келіспейтінімді ашық айта аламын. Бүгін, Шимунович өте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал Сигурьонссонға келер болсақ, ол тамаша ойнады. Мүмкін, ол өзін толықтай көрсете алмаған шығар, алайда, ол деңгейі жоғары ойыншы екені анық. Ал Мубеле алаңда 10 минуттан да көп ойнауға қауқарлы.
- 1:0 есебі Сізді қанағаттандыра ма?
- Жоқ, кез-келген ойын есебі өзіңді еркін сезінуге мүмкіндік бермейді. Себебі, жауапты ойын сырт алаңында өтеді. Қарсылас өз алаңында мүлде басқаша ойын көрсететіні анық. Бүгін бізге жанкүйерлер қолдауы ерекше болды. Оларға басымды иіп алғыс білдіремін.
- Жауапты ойыннан не күтесіз?
- Мен ол ойынның қалай өрбитінін нақты білемін. Қарсыластың қалай ойнайтынын көрдім. Дегенмен, біз де басқаша ойын көрсете аламыз. Егер де қарсылас команда ашық футбол ойнағанда, гол соғатын мүмкіндіктер көбірек болар еді. Мубеле дәл қазір осындай ойын жүйесіне сай келетін футболшы.