Астана-Бурабай бағытында жаңа туристік электр пойызы іске қосылды
Астана-Бурабай бағытында жаңа туристік электр пойызы іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл электр пойызы жолаушыларды Астанадан Бурабайға аралық аялдамасыз небәрі 2 сағат 26 минутта жеткізеді. Электр пойызы сейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері күн сайын қатынайды. Жаңа электр пойызы 574 жолаушыға арналған. Жайлы орындықтар «Комфорт Плюс» еуропалық стандартына сәйкес жасалған, - «Жолаушылар тасымалы» АҚ департамент басшысы Дәурен Төреқұлов.
6 заманауи вагоннан тұратын электр пойызы «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қаржыландыруымен отандық өндірісте жасалған. Пойызда микроклимат жүйесі, USB-қуаттағыштар, Wi-Fi желісі бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы көтергіштер мен арбаға арналған орындар қарастырылған. Ал вагондардың сыртында Астананың көрікті жерлері мен Бурабайдың әсем табиғаты бейнеленген.
Билет құны «Нұрлы Жол» стансысынан 2770 теңге, «Астана» стансысынан – 2548 теңге болады. Алдағы уақытта басқа да туристік бағыттағы пойыздар жаңартыла береді.