Астана-Бурабай бағытында ұлттық нақышта безендірілген пойыз жүреді
"Наурыз" ұлттық нақышта безендірілген пойыз Астананы Щучье-Бурабай курорттық аймағымен байланыстыратын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі мәліметінше, көнеден мерекеленіп келе жатқан Наурыз мейрамы қарсаңында "Жолаушылар тасымалы" АҚ Астана-Бурабай курорты бағыты бойынша ұлттық нақышта безендірілген электр пойызын іске қосты.
Мерекелік құрам күн сайын бір ай бойы жүреді. Пойыз Астанадан таңертең жөнелтіледі. Жолаушыларды отырғызу Нұрлы жол (сағат 06:03 минутта жөнелтіледі) және Астана-1 (сағат 06:57 минутта жөнелтіледі) вокзалдарында ұйымдастырылған.
Жол бойында құрам үш станцияда: Ақкөл, Елтай және Макинкада тоқтайды. Мерекелік электр пойызы терминалға сағат 9:51 минутта келеді.
Жайлы сапарлау үшін вагондар ауа баптайтын қондырғылармен, биодәретханалармен жабдықталған. Пойыз жолаушылары сапарлау барысында ойын-сауық контент пен пайдалы ақпаратпен жабдықталған vputi.kz мультимедиялық порталды пайдалана алады.
"Наурыз" электр пойызы - бұл "Жолаушылар тасымалы" АҚ, ҚР ПІБ "Бурабай Даму" ЖШС, Мәдениет және спорт министрлігі мен "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының бірлескен жобасы. Ол ішкі туризмді насихаттау мақсатында жүзеге асырылуда.