«Астана Банкінің» топ-менеджері 160 млн теңге ұрлаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі ҚР ӘМ «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының шотынан 160 млн теңге ақша қаражатын жымқыру фактісін әшкереледі. 

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жасалған қылмыстың ұйымдастырушысы – «Астана Банкі» АҚ-ның басқармасы төрағасының орынбасары Е.Ж.Увалеев 2012 жылдың қазан айында Республикалық құқықтық ақпарат орталығының атынан төлем тапсырмасын қолдан жасап, ұрланған қаражатты өзіне қарасты компанияның шотына аударған. 

"Аталған қылмысты 6 жыл бойы жасыруға сол банктің менеджері А.Х.Жундугулова көмектесіп келген және ай сайын Республикалық құқықтық ақпарат орталығының бухгалтериясына олардың шоты бойынша жалған мәліметтер беріп келген",- делінген таратылған ақпаратта. 

Тергеу барысында күдіктілер өз кінәләрін мойындап, келтірілген залалды толықтай өтеген. Тергеу барысында күдікті Е.Ж.Увалеев соттың санкциясымен қамауда болды. 

"Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының үкімімен Е.Ж.Увалеев пен А.Х.Жундугулова кінәлі ретінде танылып, қылмыстық жауапқа тартылды", - делінген таратылған ақпаратта.

   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы