«Астана банкі» салымшыларына өтемақы төлеу мерзімі ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Банкі» АҚ салымшыларына агент банк ретінде кепілдік берілген өтем (бұдан әрі - өтем) төлейтін «Еуразиялық банк» АҚ-мен арадағы келісімнің қолданылу мерзімі тағы жарты жылға – 2021 жылдың 29 шілдесіне дейін ұзартылды. 

Қазір агент банк «Астана банкі» АҚ салымшыларына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі - Қор) атынан және есебінен 37,2 млрд теңге көлемінде өтем төледі. 

Бұл төленуге міндеттелген жалпы соманың 99 пайызын құрайды. Бұл ретте өтем алуға барлығы 60 953 салымшы (немесе банк салымшыларының жалпы санының 23 пайызы) өтініш берген. Өтем алмаған 207 504 салымшы алдындағы міндеттемелер қалдығы - 423 миллионнан астам теңгені құрайды. Олардың ішінде тек 331 салымшының депозиттерінде ғана 100 мың теңгеден асатын қалдық ақша бар. Бұл салымшылардың алатын өтем ақшаларының жалпы көлемі - 156,7 млн теңге, - делінген қор хабарламасында.

Еске саламыз, «Астана Банкі» АҚ-да шоттары, төлем карточкалары және депозиттері бар салымшылар (жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер) өтем алуға құқылы. 

Теңгелік депозиттер бойынша (салымдар, ағымдағы шоттар және төлем карточкаларын қосқанда) ең жоғары төлем сомасы ­– 10 миллион теңге; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге. 

Бір салымшының «Астана банкі» АҚ-та теңгеде және шетел валютасында орналасқан депозиттері бойынша төленетін жиынтық шекті сома – 15 миллион теңге. Бұл жерде әрбір депозит түрі бойынша шекті сома ескеріледі. 

Барлық төлем тек теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы салымдар бойынша өтем сомасы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні – 2019 жылдың 9 қаңтарына қарай қалыптасқан валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша есептеледі.

Агент банктің барлық қаладағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс тәртібі туралы ақпарат ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде қолжетімді: +7 (727) 332 77 22. 

Агент банк арқылы белгіленген төлем мерзімі аяқталған соң, «Астана Банкі» АҚ салымшылары кепілді өтемді алу үшін тікелей Қорға өтініш бере алады.

Төлем сомасын есептеуге байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, салымшылар «Астана банкі» АҚ тарату комиссиясына мына мекенжайлар бойынша жүгінулері қажет:

·       Алматы қ., Төлебаев көшесі, 38/61, «Жетісу» БО, 3 қабат (Мақатаев көш. бұрышы), телефон: +7 (727) 259 60 60;

·       Нұр-Сұлтан қ., Ғабдуллин көшесі, 18, ВП-3, «Е» блогы, телефон: +7 (717) 255 93 17;

·       Атырау қ., Сәтбаев көшесі, 19, «Атырау Plaza» БО, телефон: 8 (712) 255 80-21, 8 (729) 270-10-25;  

·       Шымкент қ., Б. Момышұлы, 25, телефон: 8 (725) 299-71-80;

·       Қарағанды қ., Бұхар Жырау даңғылы, 51/4, телефон: 8 (721) 255-99-01;

·       Өскемен қ., Қабанбай батыр көшесі, 140, телефон: 8 (723) 256-09-96. 

Депозиттер бойынша кепілдік беру мәселелері, өтем төлеу тәртібі бойынша «Астана банкі» АҚ салымшылары Қордың байланыс орталығына 1460 қысқа нөміріне тегін хабарласып, info@kdif.kz электрондық поштасы, www.kdif.kz сайты немесе @kdif_ask Телеграм-чаты арқылы сауал жолдай алады, - делінген таратылған ақпаратта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы