"Астана – Балқаш – Алматы" автожолының құрылысы биыл аяқталады
Биыл республикалық маңызы бар 2 091 шақырым жаңа және жаңартылған автожолдар пайдалануға беріледі деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Көлік министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Сәтжан Аблалиев айтты.
2024 жылы республикалық желінің 5,3 мың шақырымын жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасатын болады (құрылыс және реконструкциялау – 3,1 мың км, жөндеу – 2,2 мың км). Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 93%-ға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі күш-жігер «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» негізгі дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталатын болады. Жалпы 2 091 шақырым жолды пайдалануға беру және 419 шақырым жолды ашу жоспарлануда, – деді министрдің орынбасары.
Көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту үшін 2024 жылдан 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 4,7 мың км жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды бастау жоспарланып отыр.
Бірінші кезеңде 2024 жылы «Қызылорда-Жезқазған» (Ұлытау облысы бойынша учаске), «Ақтөбе-Қызылорда» («Ақтөбе-Ұлғайсын», «Қызылорда-Сексеуіл» учаскелері), «Қарағанды-Жезқазған» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» жобаларында жұмыстарды бастау көзделген.
Екінші кезеңде, яғни 2024-2026 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстары «Атырау-Доссор», «Астана-Қостанай-РФ шекарасы», «Атырау-Орал» («Атырау-Индер», «Орал-Чапаево») және «Түркістан қаласын айналып өту» жолдарында басталады.
Үшінші кезең, яғни 2026 жылдан кейінгі кезең жалпы ұзындығы 1 434 км қалған жобаларды жаңғыртуды көздейді.
Қаржыландыру тапшылығын ескере отырып, қозғалыс қарқындылығы төмен жекелеген жобалар бойынша жолдарды 4 жолаққа дейін кеңейту мүмкіндігімен жөндеу жүргізу ұсынылады. Бұл «Павлодар-Успенка» және «Семей-Барнауыл» жолдары.
Бұдан басқа, салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарды нормативтік жағдайға келтіру қажет. Бұл үшін Еуразиялық Даму Банкі қаражаты алғаш рет 5 мың шақырым ұзындықтағы конструкцияны күшейте отырып, орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама жүргізуге тартылатын болады, - деп атап өтті вице-министр.
Оның айтуынша, орташа жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстар жобалық-сметалық құжаттаманы талап етпейді, сәйкесінше аталған жобалардың іске асырылу мерзімдеріне оң әсер етпек.