«Astana Ballet» көрерменге қос премьера ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бір кеште театр сахнасында хореограф Рикардо Амарантенің жаңа туындысы – «Longing» («Құштарлық»), сонымен бірге, Дэвид Джонатанның «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті көрсетіледі.

30-31 қазан күндері «Астана Балет» театрының көрермендері қос премьераны тамашалай алады. 



Бір кеште театр сахнасында хореограф Рикардо Амарантенің жаңа туындысы – «Longing» («Құштарлық»), сонымен бірге, Дэвид Джонатанның «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті көрсетіледі.



Рикардо Амаранте қазақстандық көрерменге біршама таныс. 


Оның қойылымдары театрдың концерттік және гастрольдік бағдарламаларында тұрақты түрде көрсетіледі. 



Аргентиналық композиторлар Астор Пьяцолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған тың туындысы - «Longing» балетінде көрермен қауым қимылмен өрілген эмоцияның толқыны мен көркемдік безендірудегі минимализмге куә болады. 



Бұл туындысында балетмейстер: «осы өмірден, махаббаттан, жалпы, өзара қарым-қатынасымыздан, шын мәнінде, не қалаймыз?» деген сұрақтың жауабын іздегендей. 


Әйтсе де, осы тақырыпты қозғай отырып, ол біржақты жауап бермей, көрерменнің өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік береді. 



Бұл балет түс секілді. Көрген түсіміз не жайлы екенін түсіне бермейміз ғой. Оны біреуге айтып отырғанда да, «мұның не сыры бар?» деген секілді ойға қаласың. Рас қой. Сол секілді, осы балетті көрген соң да, әркім өзінше ой түйеді. Мұндағы пластикалық шешімдер, өзім ұнататын неоклассика мәнерінде жасалған. Барлық классикалық қадамдар модерн және неоклассикаға трансформацияланған. Тангоның да аз-кем әсері бар: бәрін музыка жеткізеді, - деген ойымен бөлісті балетмейстер.

Балетке жетекші солистер Фархад Бөриев, Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов, Илья Манаенков және «Астана Балет» театрының өзге де әртістері қатысады. 



Театрдың жетекші солисті Дэвид Джонатан үшін, «Instinct» «Астана Балет» театрына арнап қойған алғашқы балеті.



Бұған дейін, ол балетмейстер ретінде Австралияның Батыс балеті мен Фландрия Корольдік балетінің труппаларымен шығармашылық әріптестік орнатқан. 




Хореографтың айтуынша, балетті жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғанымен, қазіргі таңда өзектілігі арта түскен. 



Пандемия балеттің идеясына ерекше әсер етті. Карантин кезінде қандай күй кешкенімізді айтамын. Либреттода да осы жайлы жаздым, адамдар өздерінің жақын туыстарымен, сүйікті жандарымен кездесе алмады. Осы сезім, бір болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балеттің аты «Инстинкт», себебі, осы пандемия мен локдаун күтпеген жерден орын алып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық, бірақ, бәрібір өмір сүруіміз керек еді, - дейді Дэвид Джонатан.


Анықтама үшін:

«Longing» бір актілі балеті
Авторлар мен қоюшылар:
Музыка – Астор Пьяццолла, Пабло Циглер
Хореография – Рикардо Амаранте
Костюмдер – Паула Роза Сантана
Жарық – Роберт Даутов. 



«Instinct» бір актілі балеті
Авторлар мен қоюшылар:
Музыка – Паскаль ле Бёф, Ричард Мур, Жак Лусье
Хореография – Дэвид Джонатан
Костюмдер – Паула Роза Сантана
Жарық – Роберт Даутов. 



Спектакль премьералары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. 

Айта кету керек, қойылым тиісті санитарлық нормаларды мұқият сақтай отырып өткізіледі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы