«Астана Балет» театры жаңа маусымын «Қос кілем» қойылымымен ашты
Қойылымның негізінде жастық шақта басталып, соғыс, айырылысу мен ауыр жоғалтулардың сынынан өткен махаббат хикаясы жатыр.
«Астана Балет» театры XIV театр маусымын Ширван кілемі туралы көне әзербайжан аңызының желісімен қойылған «Қос кілем» спектаклімен ашты.
Жаңа маусымның алғашқы қойылымынан кейін 5 қыркүйекте көпшілікке «Blind Forgiveness» рок-балеті ұсынылады. Ал алдағы уақытта театр ұжымы Аустрияға гастрольмен барып, қос қойылымды шетелдік көрерменге таныстырады.
«Қос кілем» қойылымында дәстүрлі кілем тоқу өнері оқиға желісімен сабақтаса беріледі. Кілемдегі әрбір өрнек адам тағдырының, сезімі мен басынан өткерген сынағының ізін бейнелейді.
Қойылымның негізінде жастық шақта басталып, соғыс, айырылысу мен ауыр жоғалтулардың сынынан өткен махаббат хикаясы жатыр. Жылдар мен арақашықтыққа қарамастан, кейіпкерлер бір-біріне деген сезімін сақтап, қайта қауышудан үміт үзбейді. Олардың тағдыры арқылы махаббат, адалдық және қиындыққа мойымау секілді тақырыптар ашылады.
Либретто авторы – Валерий Копейкин. Режиссер әрі хореограф Александр Могилёв көне аңызды заманауи сахна тілімен жеткізіп, классикалық пластика мен қазіргі хореографияны үйлестірген. Би арқылы кейіпкерлердің болмысы ашылып, қойылымның негізгі оқиғалары баяндалады.
XIV театр маусымының келесі қойылымы – «Blind Forgiveness» рок-балеті. Спектакль 5 қыркүйекте сахналанады. Қойылымда заманауи хореография, драматургия мен рок-музыка үйлесім тапқан.