2 Қараша 2026, 06:35 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Балет» театрында «Ромео мен Джульетта» балеті көрерменге ұсынылды

Әртістер екі әулеттің бітіспес араздығына қарамастан, бір-біріне адал болған қос ғашықтың қайғылы тағдырын би тілімен жеткізді.

«Астана Балет» театрында композитор Сергей Прокофьевтің музыкасына қойылған Владимир Яковлевтің «Ромео мен Джульетта» балеті сахналанды. Қойылымды Элмар Бөрібаев жетекшілік еткен театрдың симфониялық оркестрі сүйемелдеді.

Ромео партиясын Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, ал Джульетта бейнесін Назерке Аймұхаметова мен Кәмила Рахманберлиева сомдады. Әртістер екі әулеттің бітіспес араздығына қарамастан, бір-біріне адал болған қос ғашықтың қайғылы тағдырын би тілімен жеткізді.

Алғаш рет 2017 жылы сахналанған қойылымда оқиға желісі қарқынды өрбиді. Сахна безендірілуі барынша ықшамдалып, басты назар кейіпкерлердің мінезі мен сезімін би арқылы ашуға бағытталған.

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетовтің айтуынша, сахнадағы тартысты жекпе-жектер қойылымның әсерін күшейтіп, көрерменге ерекше әсер қалдырады. Сонымен қатар хореограф Владимир Яковлев Шекспир дәуірінің тынысы мен сол кезеңге тән көркемдік ерекшеліктерді шебер жеткізген.