Астана Балет театрында «Дудар-ай» сахналанады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Астана Балет» театрында 26 ақпанда симфониялық оркестрдің дебютті концерті өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Елордалық ұжым театр сахнасында алғашқы өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Бұл концертке дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі 70 музыкант қатысады. Іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
«L'ouverture» атты концерттің барысында классикалық музыканың танымал туындылары орындалады. Бірінші бөлімде Е. Брусиловскийдің «Дудар-ай», К. Сен-Санстың «Danse Macabre», Н. Римский-Корсаковтың «Испан каприччиосы» атты шығармаларын, екінші бөлімде – Рахманиновтың фортепиано мен оркестрге арналған #3 концертін тыңдай аласыз. Соло партиясын – әйгілі қазақстандық пианист, көптеген Халықаралық конкурстардың лауреаты Әмір Тебенихин орындайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін театр сахнасында Джордж Баланчин хореографиясының кеші өткен болатын. Бірінші бөлімде П. Чайковский музыкасына қойылған «Серенада» бір актілі балеті, ал, екінші бөлімде Игорь Стравинскийдің музыкасына Пол Боос қойған «Оркестр мен фортепианоға арналған каприччио» көрсетілді. Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін кеште фортепианодағы солоны Әмір Тебенихин орындады.
«Серенада» бір актілі балеті – неоклассикалық хореографияның жауһары саналады. Ғажайып өнер туындысын тамашалаған жанның таным көкжиегі кеңейіп, жүрегіне сәуле түседі. Туындының сахналық қойылымында минимализм салтанат құрған: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Серенада» балетінде мінсіз техника, пішіннің классикалық толымдығы, стиль тазалығына деген ұмтылыс аңғарылады.
«Оркестр мен фортепианоға арналған каприччио» (Лағыл) туындысында Стравинский мен Баланчин шығармашылығы тасқа қашалғандай әсерде қаласың. Балет ойнақы, сауықшыл мәнерде қойылған, хореографиясы еркін әрі батыл. Мұнда Бродвей реңін сезінуге болады: бишілердің жүріс-тұрысы, қолы мен мәнері – джаз без өмірге құштар Америка тынысын танытқандай. Бишілер үздіксіз қимылдап отырады, әр нотаға бір қимыл тән.
Джордж Баланчин балеттері Джордж Баланчин қорымен шығармашылық ынтымақта қойыл, оның стилі мен техника стандарттары толық сақталған.