«Астана Балет» театры қысты бимен шығарып салды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақтың ұлттық мерекесі – әз Наурыз қарсаңында «Астана Балет» театры «Ұлттық хореография кешін» өткізді.
20 наурыз күні театр сахнасында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Наурыз мейрамына орай «Ұлттық хореаграфия кеші» өтті.
Кеш барысында «Жусан» бір актілі балеті мен «Ұла дала мұрасы» атты би қойылымы сахналанды.
«Жусан» қойылымының қоюшы-хореографы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
Бұл – еліміздің ұлттық хореографиясындағы алғашқы бір актілі балет. Қойылымда жусан бейнесі арқылы халықтың мықты рухы, өткен тарихтың қиын сәттері мен әдемі ғажап сәттері қатар көрініс тапқан.
«Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарламада «Ақ қыз», «Қыз қайың», «Серілер салтанаты» сынды би қойылымдары болды. Ұлттық би қойылымының премьерасы – «Хассак» фольклорлы-этнографиялық тобының сүйемелдеуімен орындалған «Ғажайып табиғат» атты хореографиялық миниатюра. Қоюшы-хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти.
«Астана Балет» театрының балет әртісі Аяулым Багумова бұл кешті ерекше күткенін жеткізді.
Ол балет кешінің «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасының «Ғажайып табиғат» хореографиялық миниатюрасында қыс рөлін сомдайды.
Отандық хореографымыз Айгүл Тәти ұлы Абайдың табиғат туралы туындыларынан шабыт алып, барлық жыл мезгіліне тән құбылыстарды би тілімен өрнектейді. Би орындау жағынан өте күрделі болып келеді. Ең алдымен образды алып шығу үлкен дайындықты қажет етеді. Оңай би жоқ. Әр бидің өз ерекшелігі бар. Мен қыс образын көрермендерге дұрыс жеткізу үшін барымды саламын. Барлық қазақстандықты алдағы келе жатқан Ұлыстың ұлы мерекесі - Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Бүгінгі ұлттық би кешіміз бәрінің көңілінен шығады деген үміттемін, - деді балет әртісі.
Кеш ұлттық мәдениетімізді жан-жақты танытты. «Ғажайып табиғат» қойылымы әр мезгілдің өзіне тән сұлулығын сипаттаса, «Сый-сияпат» қойылымы ұлттық нақыштағы әдемілік пен мәдениетіміздің көркемдігін көрсетті.