30 Қазан 2026, 23:27 Фото: istockphoto.com

Астана әуежайының бұрынғы қызметкері сот арқылы жұмысына қайта орналасты

Жұмыс беруші қызметкердің басқа лауазымға ауысуына келісімін алмаған.

Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның бұрынғы қызметкеріне қатысты еңбек дауын қарап, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойды.

Іс материалдарына сәйкес, әуежай басшылығы құжат айналымы бөлімінің басшысы қызметін атқарған қызметкерге басқа құрылымдық бөлімшедегі маман лауазымын ұсынған. Алайда сот мұны еңбек функциясының өзгеруі және басқа жұмысқа ауыстыру деп таныды.

Жұмыс беруші қызметкердің басқа лауазымға ауысуына келісімін алмаған. Сонымен қатар оның ұсынылған қызметтен бас тартуын еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тарту ретінде негізсіз бағалаған.

Сот жұмыс берушінің әрекеттерінен заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, жаңа бөлімшенің лауазымдық нұсқаулығы қызметкер жұмыстан босатылғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 9 сәуірде бекітілген. Ал еңбек шарты 6 сәуірде тоқтатылған. Жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға заңды негіздердің болғанын дәлелдей алмаған.

Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырды.

Нәтижесінде еңбек шартын тоқтату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Бұрынғы қызметкер құжат айналымы бөлімінің басшысы лауазымына қайта орналастырылды.

Бұдан бөлек, жұмыс берушіден қызметкердің пайдасына мәжбүрлі бос жүрген алты айы үшін шамамен 7 млн теңге жалақы өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енді.