Астана әуежайында Fast Track қызметін 18,5 мың жолаушы пайдаланды
Fast Track қызметі елордалық әуе айлағында тіркеуден және тексеруден жедел өтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл мамыр айында Астана әуежайында Fast track қызметі іске қосылды. Аталған қызмет түрі тек қол жүгі бар жолаушыларға авиарейстерге жедел тіркелу және тексеру пункттерінен кезексіз өтуді ұсынады.
Жылдам тіркеуден өту және тексеру желісі бизнес-класпен жиі ұшатын жолаушылар мен кішкентай балалары бар отбасылар арасында аса танымал. Сонымен қатар бұл қызмет түрі мүмкіндігі шектеулі және аутизм спектрі бұзылған жолаушыларға өте қажет болып табылады. Бұл санаттағы азаматтар үшін Fast track қызметі ақысыз негізде қолжетімді, ал балалар үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған.
Бүгінгі таңда елорда әуежайының аталған қызмет түрін арнайы санаттағы 17 763 жолаушы, тағы 756 адам коммерциялық негізде пайдаланған.
Қазіргі уақытта Fast track қызметі Астана әуежайында Air Astana, Qazaq Air, Fly Arystan, Scat және «Южное небо» авиакомпаниялары жүзеге асыратын ішкі рейстерде енгізілген.
Қызмет түрін пайдалануға ниетті жолаушыларға көмектесу үшін әуежайда дыбыстық ескерту қарастырылған, сондай-ақ Fast track пунктіне жол көрсететін арнайы белгілер орналастырылған.
Айта кетерлігі, әуе жолаушыларының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін Астана әуежайы Қазақстанда бірінші болып аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша озық тәжірибені енгізген. Шектеулері бар жолаушыларға қызмет басым тәртіппен көрсетіледі. Олар үшін әуежайда тиісті ланьярдтар да қарастырылған.
Арнайы таспалар әуежай қызметкерлеріне мүгедектігі бір қарағанда байқалмайтын жолаушыларды алып жүру және рәсімдерден өткізу барысында басымдық беру үшін танып-білуге мүмкіндік береді.
Біз Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен, Азаматтық авиация комитетімен және Autism Kazakhstan Ұлттық қауымдастығымен бірлесіп жоба бастамашыларының бірі болдық. Әуежайға келген кезде аутизммен ауыратын жолаушыны алып жүретін адам анықтамалық кеңсеге немесе қабылдау бөлмесінің жанындағы агенттерге күнбағыс бейнеленген арнайы ланьярд алу үшін жүгіне алады. Бұл технология туралы барлық авиакомпания өкілдері біледі, – деді Жолаушылар тасымалы бөлімшесінің аға агенті Руслан Масғұтов.
Тіркеу және тексеру үрдісі әдетте жолаушылардың 20 минут немесе одан да көп уақытын алады. Өз кезегінде аталған қызмет түрі стандартты тіркеу және тексеру процедураларын 3-5 минуттың ішінде өтуге мүмкіндік береді. Астана әуежайы өкілдерінің пайымдауынша, 10 минуттың ішінде қызметті 15 жолаушы пайдалана алады екен. Бұл орта есеппен әр жолаушыға 40 секунд дегенге саяды.