Астана әуежайында 20 рейс кешігіп жатыр
Жолаушылар әуежайдың онлайн-таблосындағы жаңартуларды бақылап отыруы тиіс.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әуежайында 20 рейс кешігіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Астана әуежайында ауа райы жағдайлары мен әуе компанияларының операциялық себептеріне байланысты рейстер кестесінде өзгерістер байқалуда.
Ұшып келуге 11 рейс кешігуде. Олар Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омбы бағыттары бойынша орындалады. Оның ішінде 2 рейс әуе компанияларының өндірістік себептеріне байланысты, 3 рейс әуе кемесінің ауыстырылуына байланысты кешігуде, қалған рейстердің кешігуіне әуе кемесінің кеш келуі себеп болып отыр. Ұшуға 9 рейс кешігуде. Олар Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омбы бағыттары бойынша жоспарланған. 2 рейс Астанадағы қолайсыз метеожағдайларға байланысты, ал қалған рейстер әуе кемелерінің кеш келуіне байланысты кешігуде. Сонымен қатар рейстердің тоқтатылуы тіркелді: қонуға 3 рейс, ұшуға 8 рейс Астанадағы қолайсыз метеожағдайларға байланысты тоқтатылды, - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, 10 наурыз күні Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы, кей уақыттарда қар, боран және тұман күтіледі.
Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 9–14 м/с, екпіні 15–20 м/с, күндіз кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Әуежайдың баспасөз қызметі жолаушылардан рейстердің нақты статусын әуе компанияларынан нақтылауды, сондай-ақ әуежайдың онлайн-таблосындағы жаңартуларды бақылауды сұрайды.