Кеше 2026, 23:13 Фото: BAQ.KZ архивІ / Артем Чурсинов

Астана әуежайы ерекше балаларға ыңғайлы жаңа қызметті іске қосты

Бұл балалар мен олардың ата-аналары үшін сапарды анағұрлым тыныш әрі жайлы өткізуге көмектеседі.   

Енді елорда әуежайында аутизмі бар балаларға арналған арнайы таным ленталары қолданылады.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы барлық жолаушы үшін жайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы мақсатта әуежайда аутизм спектрінде ерекшелігі бар балаларға арналған арнайы таным ленталары қарастырылған.

Бұл бастама әуежай жұмыскерлеріне қосымша назар мен қолдауды қажет етуі мүмкін жолаушыларды дер кезінде байқап, ұшу алдындағы рәсімдер кезінде барынша түсіністікпен қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Арнайы лента арқылы жұмыскерлер баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, тіркеу, тексеруден өту, рейсті күту және отырғызу барысында қолайлы жағдай жасауға тырысады. Бұл балалар мен олардың ата-аналары үшін сапарды анағұрлым тыныш әрі жайлы өткізуге көмектеседі, – деп жазылған хабарламада.

Арнайы лентаны ата-аналар немесе бірге жүретін тұлғалар тіркеу аймағында әуежай қызметкерлерінен не әуе компаниясы өкілдерінен сұрата алады.