Бүгiн 2026, 08:42 Фото: Астана қаласының әкімдігі

«Астана Аренада» жанкүйерлер матчтан кейін трибунаны бірге тазалады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған.

Елордадағы «Астана Арена» стадионында Қазақстан Премьер-лигасы аясында өткен «Астана» мен «Жеңіс» футбол клубтарының кездесуі ерекше экологиялық акциямен есте қалды.

Матчтың басты қонақтарының бірі тазалықтың символына айналған Тазабек маскоты болды. Ол ойын басталар алдында футболшылармен бірге алаңға шығып, жанкүйерлермен амандасып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ойын аяқталған соң жанкүйерлер экологиялық бастамаға белсенді қолдау білдіріп, трибуналарды бірге тазалады. Қатысушылар матчтан кейін қалған қоқысты жинап, спорт нысандарындағы тазалықты сақтау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін көрсетті.

«Бүгінгі матчтан ерекше әсер алдық. Қазақстан футболын қолдау үшін стадионға жиі келемін. Ойыннан кейін артымыздан қоқыс қалдырмай, трибунаны бірге жинауды жөн көрдік. Бұл аса қиын емес. Осылайша стадионға, сүйікті командамызға және бір-бірімізге деген құрметімізді білдіреміз», – деді жанкүйерлердің бірі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған. Бұл бастама тазалық әр адамның өзінен басталатынын тағы бір мәрте еске салды.