14 Шілде 2026, 22:24 Фото: istockphoto.com

«Астана Аренада» тәртіп бұзған жанкүйерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Астанада өткен «Астана» – «Ақтөбе» футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған көрермен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сот мәліметінше, азамат Т. матчты тамашалау кезінде алдыңғы қатардағы орындықтың арқалығына жалаңаяқ аяқтарын қойып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазба арқылы да дәлелденді.

Сот құқық бұзушылықтың мән-жайын ескере отырып, азамат Т.-ға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.