"Астана" алтыншы чемпиондығына маңызды қадам жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының 30-турының орталық кездесуінде "Астана" Алматыдан келген "Қайраттан" басым түсті.
Егер осы ойында "Қайрат" жеңгенде, Алматы командасының чемпиондыққа деген мүмкіндігі бәрінен де жоғары болатын еді. Алайда, Алексей Шпилевскийдің осы тұста тәжірибесі жетіспегені байқалды. Маңызды матчта басты қарсыласына есе жіберіп алды."Қайрат" алғашқы минуттан алға атойлап шапқан. Онысынан ештеңе шыққан жоқ. Есесіне, салқынқандылық таңытқан бес дүркін чемпиондар өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды. Кездесудің 9-минутында хорватиялық Марин Томасов жеке шеберлігінің арқасында "Астананы" алға шығарды.
Екінші таймда Марин жарақат алып, өз орнын Юрий Перцухқа босатып берді. Осыдан кейін "Қайраттың" мүмкіндігі арта ма деп едік, керсінше Сергей Хижниченко екінші голды соқты. Әйтеуір, 68-минутта Раде Дугалич бұрыштама добынан кейін есеп айырмасын бір допқа қысқартты. Төреші қосқан қосымша минутта ойынға араласқан Рангело Янга үшінші голды соғып, матчтың нүктесін қосты.
Роман Григорчук айтқандай, енді бәрі "Астананың" өз қолында. Қалған 4 ойында жеңсе, алтыншы чемпиондықтарын тойлайды. "Қайрат" қашанғы әдеті бойынша осындай шешуші ойында осалдық таңытудан жаңылар емес.
"Астана" (Нұр-Сұлтан) – "Қайрат" (Алматы) – 3:1
Голдар: Томасов, 9 (1:0). Хижниченко, 61 (2:0). Дугалич, 68 (2:1). Янга, 90+5 (3:1).
"Астана": Эрич (к), Маевский, Мұртазаев (Логвиненко, 89), Постников, Ротариу, Рукавина, Томасов (Перцух, 55), Хижниченко (Янга, 90+4), Шимунович, Шомко, Бейсебеков.
"Қайрат": Покатилов, Вржещиньский (Сейдахмет, 64), Дугалич, Жуков (Әбікен, 46), Исламхан (к), Қуат (Тұңғышбаев, 87), Миканович, Әліп, Сүйімбаев, Эппель , Эсеола.
Бас төреші: Артем Кучин (Қарағанды).
Нұр-Сұлтан, "Астана Арена" стадионы. 16200 көрермен.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан мектептері 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшеді
Өзгелердің жаңалығы