Астана, Алматы және Қосшы көшелеріне жүргізушісі жоқ көліктер шығады
Қазақстанда автопилоты бар көліктерді сынаудың жаңа ережелері бекітілді.
Қазақстанның үш қаласында пилотсыз автокөліктер сынала бастайды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі олардың қалай жүретінін, автопилотты кім бақылайтынын және роботакси қашан пайда болатынын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда жалпы пайдаланымдағы жолдарда автопилоты бар автокөліктерді сынақтан өткізу ережелері бекітілді.
Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларының аумағында іске асырылады. Автономды көліктерді сынақтан өткізу арнайы полигондарда, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының белгілі бір маршруттарында жүргізіледі.
Пилотсыз көліктер қайда жүреді?
Ауқымды сынақтардың алғашқы кезеңі арнайы полигондарда өтеді. Тексерістен өткеннен кейін автокөліктер жалпы пайдаланымдағы жолдарға тек алдын ала келісілген бағыттар бойынша ғана шыға алады.
Шартты түрде автоматтандырылған көліктердің салонында кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын жүргізуші отыруы тиіс. Жоғары автоматтандырылған көліктер жүргізушісіз жүре алады, бірақ олардың жұмысын оператор қашықтан бақылайды.
Құжатта пайдалану қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар да белгіленген. Автономды көлік құралдары деректерді тіркеу жүйелерімен, бейнебақылау құралдарымен, автоматтандырылған басқару жүйесін авариялық түрде ажырату тетіктерімен, «Автономды басқару» арнайы таңбалауымен, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысына сырттан араласудан қорғау механизмдерімен жабдықталуы тиіс.
Жолаушыларды тасымалдау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл және жол-көлік оқиғалары болған жағдайда әрекет ету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Қағидалар автономды көлікті такси қызметтерін көрсету және тұрақты емес жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру кезінде пайдалану тәртібін айқындайды, сондай-ақ пилоттық жоба субъектілерінің жауапкершілігін сақтандыруға қойылатын талаптарды белгілейді.
«Пилоттық жобаны іске асыру автономды көлік технологияларын нақты жағдайларда сынақтан өткізуге, құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға, қолданыстағы реттеу тетіктерінің тиімділігін бағалауға және Қазақстан Республикасында автономды көлік саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға яяқалауға мүмкіндік береді», - дейді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Пилотсыз такси қашан пайда болады?
Ережелер автономды транспортты такси қызметін көрсету және тұрақсыз жолаушылар тасымалы үшін пайдалануға рұқсат береді. Дегенмен, көпшілікке қолжетімді роботакси сервисінің іске қосылатын күні әлі хабарланған жоқ.
Қатысушы компаниялар, автокөліктер саны, нақты бағыттар мен жолаушылармен сапарлардың басталатын мерзімі әлі белгісіз. Соған байланысты, бұйрықтың бекітілуі – пилотсыз таксидің Астана мен Алматы көшелеріне бірден шығуын емес, әзірге сынақтарға арналған құқықтық базаның құрылғанын білдіреді.