Астана – Алматы тасжолы: Жол апатынан 4 адам қаза тауып, 4 адам жарақаттанды

Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақаттанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жол апаты Қарағанды облысының аумағында болған.

11 тамыз сағат  00:10 шамасында "Астана – Қарағанды – Алматы" автомобиль жолының 1396-шақырымында (Батпақты ауылы, Осакаров ауданы, ІА санаты) жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәліметтер бойынша Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай аударылған. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, төрт адам түрлі жарақат алды, - деп жазылған "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі мәлім еткенлей, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға қарамастан, кейбір жүргізушілер жол жүру ережелерін елемей, қайғылы жағдайларға себеп болуда. 

"Ошағанды кенті маңында 30 жастағы Toyota Alphard жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған. Автокөлік жол жиегіне аударылып кеткен. Жол апаты салдарынан жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы төртеуі, оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала, медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында тағы да жантүршігерлік жол апаты болып, анасы мен үш айлық сәби көз жұмған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы