Астана әкімі қала мүлкіне ұқыпты қарауға шақырды
Оның мәліметінше, қалада бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылған.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы вандализм фактілеріне байланысты тұрғындарға үндеу жасады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Әкімнің айтуынша, қалада қоғамдық кеңістіктерді бүлдіру жағдайлары кездеседі. Кейбір азаматтар аялдама павильондарын, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, мүсіндер мен абаттандыру элементтерін зақымдайды. Мұндай құқық бұзушылықтарға кәмелетке толмағандар да қатысады.
«Қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның жеке мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші», – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның мәліметінше, қалада бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылған. Сонымен қатар қоғамдық орындарды ластауға қатысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Әкімдік полициямен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Көшелер күн сайын патрульденіп, қаладағы бейнебақылау камераларының саны артып келеді.
Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындары мен қонақтарын қала мүлкіне ұқыпты қарап, оның тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.