«Астана – адалдық алаңы» аясында қандай іс-шаралар атқарылды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «ANTIKOR ORTALYGY» қызметтік орталығының алаңында өткен онлайн брифингінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева өткен жылы «Астана – адалдық алаңы» аясында атқарылған іс-шаралар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың бюджеттерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге «Астана – адалдық алаңы» аясындағы бюджеттің интерактивті картасы мүмкіндік берді. Өткен жылы барлық мемлекеттік орган мен елорданың ведомстволық бағынысты әкімдіктері осы картада өз бюджеттерін орналастырды. Бұл мемлекеттік органдардың ашықтығын ғана емес, жедел түрде әрекет жасап, жұртшылықпен тиімді диалог жүргізе алатын алаң болды. Қазір де қала бойынша порталда 342 мекеме, қала ұйымдары өз бюджеттерін 100 пайыз белгілеген.

Талдау қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдары интерактивті картаға абаттандыру, жол мәселесі, әлеуметтік нысандарды жөндеу, электрондық билеттеу және басқа да мәселелер бойынша 133 өтініш келіп түсті. 12 ай бойы 192 қылмыстық іс қозғалып, оның 126-сы сотқа жіберілген. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық пен оның алдын алу мақсатында қарсы әрекет етуге тиімді көмек көрсетеді. Барлық алдын алу ұсынысы бойынша әрекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріның міндетті қатысуымен қаралады, - деді ол. 

Сонымен қатар ерекше назар мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға аударылады. Себебі адами факторсыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюда оның маңызы зор. Қазіргі уақытта елордада мемлекеттік органдар қызметін 100 пайыз электрондық форматқа аудару жүзеге асырылды.

Айта кетейік, «Астана – адалдық алаңы» бағдарламасының негізгі міндеттері тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу. 

Ботакөз Жақиянова
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы