Астанаға Нұр-Сұлтан атауы берілгенін қолдаймын
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Дамыған елу елдің қатарына қосылуға ұмтылған ел үшін Елорда атауын Нұр-Сұлтан атауына ауыстырудың еш әбестігі жоқ. Еуразия Гуманитарлық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Нұргүл Тырнаханова осылай дейді.
«Астанамыздың атауын өзгертуге ұсыныс түскен мезетте көңіліміздің алабұртқаны рас. Алайда, біраздан соң әрбіріміз іштей осы бастаманы қолдайтынымызды түсіндік. Өйткені еліміздің осындай жетістіктерге жетуі, Астанамыздың әсем қала болып қалыптасуы Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстырған кезде де көпшіліктің көңілі күпті болған еді. Алайда, 20 жылдан астам уақыт ішінде бұл бастаманың өте орынды екеніне көзіміз жетті», - дейді Нұргүл Тырнаханқызы.
Дамыған елу елдің қатарына қосылуға ұмтылған ел үшін Елордаға болашақ Астананың іргетасын қалаған Елбасының есімін беруде еш оғаштық жоқ екенін айтқан ол, бұл бастаманың өте орынды екенін алға тартты.
«Өзіміз жас отбасымыз. Меніңше бұл өзгеріс болашақ өсіп келе жатқан балаларым үшін жақсы болмаса жамандығы жоқ. Өйткені олар өздерінің Тұңғыш Президентінің кім екенін біліп, елінің тарихын танып өседі. Елбасымыздың халқы үшін істеген істері ұшан теңіз. Осы себепті оның есімін еліміздің бас қаласына беру өте орынды», - деді ол.