Астана 2028 жылы Дүниежүзілік мұнай кеңесінің конгресін қабылдайды
Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
Қазақстан 2028 жылы Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің кезекті конгресін өткізуге дайындалып жатыр. Бұл мәселе Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Сауд Арабиясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фейсал Әл-Кахтани арасындағы кездесуде талқыланды.
Тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастық, ОПЕК+ аясындағы өзара іс-қимыл, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және заманауи «жасыл» технологияларды енгізу мәселелерін қарастырды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық әріптестікті одан әрі нығайту, сондай-ақ әлемдік энергетика нарығына қатысты тұрақты диалог жүргізудің маңызын атап өтті.
Кездесуде Эр-Риядта өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің алдағы конгресіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл алаңды басым жобаларды таныстыруға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және мұнай-газ саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды шара ретінде қарастырады.
Сонымен қатар тараптар 2028 жылы Астанада өтетін конгресті ұйымдастыру кезінде тығыз ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика саласындағы әріптестікті нығайтып, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.