Бұл ұйымның ең жоғары басқарушы жиыны саналады және онда еуропалық футболдың алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданады.
Конгреске УЕФА-ға мүше 55 ұлттық футбол қауымдастығының делегациялары, ұйым президенті мен Атқарушы комитет мүшелері, сондай-ақ ФИФА, еуропалық лигалар, клубтар қауымдастықтары және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.
Астанада өтетін конгрестің басты оқиғаларының бірі – УЕФА президенті мен Атқарушы комитетінің жаңа құрамын сайлау болмақ.
Қазақстанның мұндай беделді халықаралық іс-шараны өткізу құқығына ие болуы – УЕФА тарапынан елімізге көрсетілген жоғары сенімнің және ірі спорттық форумдарды ұйымдастырудағы тәжірибесінің дәлелі. Конгресті өткізуге кететін барлық шығынды УЕФА өз қаражаты есебінен өтейді.
Бұл шара Қазақстанда футболды дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасы ретінде бағаланып отыр. Соңғы жылдары елде футбол инфрақұрылымы жаңартылып, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар кәсіби клубтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Қазіргі таңда кәсіби футболды коммерцияландырудың алғашқы кезеңінде 11 клуб инвестиция тартуға негізделген жаңа басқару моделіне көшіп, осы бағытқа 80 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Келесі кезеңде тағы сегіз кәсіби клубты осы жүйеге қосу жоспарланған. Бұл олардың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, қазақстандық футболдың дамуына тың серпін береді.