Ассамблея мүшелерінің 90%-ы жұмысшы мамандар – Марат Әзілханов

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен жастары Мемлекет басшысының жолдауын талқылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің қызметі ортаға салынды.

ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз сөзінде ҚХА мүшелеріне ҚХА-ның "Жүректен жүрекке" және "Мектепке жол" ауқымды қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысқандары үшін алғысын білдіріп, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен рөліне баса назар аударды.

Ассамблея мүшелеріне жаз кезіндегі жемісті жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. "Мектепке жол" акциясы аясында 6,5 мың баланы мектеп қажеттіліктерімен қамтамасыз еттік. Бұл мақсатта 250 млн теңгеге жуық қаражатты жинап, оны қажетті көмекке жұмсадық. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында негізгі 9 бағытты көрсетті. Олардың барлығы бір ойға байланған, ол - Әділетті Қазақстанды құру. Мемлекет басшысы осы жолдан ешқайда бұрылып кетпейтінімізді тағы бір рет атап өтті. Осы тұрғыда Президенттің 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялауының мәні айрықша. Ассамблея мүшелерінің 90%-ы жұмысшы мамандықтардың иелері. Яғни, бұл жылды біздің жылымыз деуге болады. Сондықтан біз Еңбек адамдарын алдыңғы қатарға шығаруымыз керек. Жұмысшы адамдарды халыққа паш етіп, оларды марапаттауымыз қажет. Барлық этнобірлестіктердің басшыларын сондай адамдардың еңбегін дәріптеуге шығаруға шақырамын, - деді Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.

Іс-шара барысында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға, саяси және қоғамдық өмірді жаңартуға, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге, Қазақстан тарихы мен мәдениетін құрметтеуге бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы