Асқар Забикулинді еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті
Өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің туған жері Біржан Сал ауданындағы Степняк қаласында шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарысқа Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің командалары қатысты.
Турнир басталар алдында жиналғандар Астана қаласы ТЖ департаментінің өрт сөндірушісі Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті атынан Біржан сал ауданының тұрғындары мен әкіміне осы жарысты Асқар батырдың туған жерінде өткізуге мүмкіндік бергені үшін және қатысушыларға шақыруды қабыл алып, турнирге қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі спорт мерекесіне қатысып отырған Асқардың туған-туыстарына, достары мен әріптестеріне үлкен алғысымды білдіремін, - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды қарағандылық құтқарушылар, екінші орынды Павлодар облысы, ал үшінші орынды ақмолалық құтқарушылар иеленді.