Аспаз, тігінші: Ерекше балалар болашақта кім болғысы келеді

Ерекше қажеттіліктері бар 30-дан астам жасөспірім колледждерде кәсіби дайындықтан өтіп, пилоттық жоба аясында оқуларын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» пилотты жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті. ЕБбҚ бар 34 жасөспірім елорда колледждерінде “Аспаз”, “Кондитер”, “Тігін ісі”, “Сәндік-қолданбалы өнер” мамандықтары бойынша оқуды аяқтады.

Жобаны “Болашақ” қоры “Әр бала мектепке баруға лайықты” бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асырып келеді.

Оқу-өндірістік комбинаттар немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7-11 сынып оқушыларына арналған мамандандырылған кәсіби алаңдар өз жұмысын 2024 жылдың басында Астанада Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі және Менеджмент, бизнес және білім колледжінде бастаған.

Жобаға аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы 34 жасөспірім қатысты.

Жобаның мақсаты – ЕБбҚ бар жасөспірімдерге әлеуметтік бейімделуге, кәсіптік білім алуға және жұмысқа орналасуға көмектесу. Оқыту “Тігін өндірісі және киімді модельдеу”, “Тамақтануды ұйымдастыру – аспаз”, “Тамақтануды ұйымдастыру – Кондитер” және “Сәндік-қолданбалы өнер” бағыттары бойынша өткізілді. Оқудың ұзақтығы 5 айға созылды, сабақ аптасына 3 сағаттан 2 рет өткізіліп отырды. Осы уақыт ішінде ЕБбҚ бар балалар көптеген құнды дағдыны меңгеріп, әртүрлі маталармен жұмыс істеу негіздері, тігін техникасы мен түрлері, тігін машиналарын пайдалану, тағамдарды дайындау, турау техникалары, ас үйде гигиена және қауіпсіздік нормалары, кондитерлік өнімдерді дайындау, қамырмен жұмыс істеп үйренді. Балалар тәртіпті және тәуелсіз бола бастады. Бұл дағдылар олардың кәсіби ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге колледжге түсуге және болашақта жұмысқа орналасуға дайындап, олардың өзіне деген сенімділігін арттырды.

“Болашақ” қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан жобаның маңызына тоқталды.

Жобаның арқасында біз мектепке дейінгі, мектеп және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы алаңдарды қамтитын үздіксіз оқыту жүйесін құрып жатырмыз. Астана – аутизм бар және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған алаңдар балабақшалар мен мектептерде ашылған Қазақстандағы жалғыз қала. Енді әкімдікпен ынтымақтастығымыздың арқасында ЕБбҚ бар жасөспірімдердің колледждерге түсу мүмкіндігі артып отыр. Қала әкімдігіне, AMANAT партиясына және әлеуметтік кәсіпкерлер қатарынан серіктестерімізге жобаны қолдағандары үшін алғыс айтамын. Біздің түлектер кәсіпорындарда өз пайдасын тигізе алады деп сенеміз, бұл олардың әлеуметтенуі мен қоғам өміріне қосылуының маңызды кезеңі болмақ. Сонымен қатар Астана тек саяси маңызы бар халықаралық іс-шаралар өтетін бас қала ғана емес, инклюзивті қалаға айналса нұр үстіне нұр болар еді, - деді Динара Гаплан.

Балаларға іс-шара кезінде ресми куәліктері табыс етілді. Бұл қор ұйымдастырған алғашқы пилоттық жоба.

Ал AMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринова түлектер мен олардың ата-аналарын құттықтады.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды оқыту, тәрбиелеу және қоғамға бейімдеу мәселесі мемлекетіміздің негізгі саясатының бірі. Бүгінгі жоба өте қажет. Өйткені балалар осы жерде тиісті мамандықтардың біліктілігін алып отыр. Бұл - өмірге үлкен жолдама. Ертең балалар осы құжаттарц арқылы жұмысқа тұрып, өздерінің ары қарайғы өмірін жақсартып, еңбекпен қамтамасыз етіледі. Әрине балаларды курстан кейін де қолдау қажет. Сол себепті бұл жерде мемлекеттің де, бизнестің де қатысуы маңызды, - деді Каринова салтанатты іс-шарада.

Ол жобаға қатысқан барлық серіктестерге алғыс айтып, алдағы жобаларға сәттілік тіледі.

Білім басқармасымен серіктестікте қалада алғаш рет балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып жатыр. 2020 жылдан бері 15 балабақшада кабинеттер ашылды. Алдағы уақытта тағы 20 балабақшада инклюзия кабинеттерін ашу жоспарда бар.

Астана Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жоба өз нәтижесін бергеніне сенім білдірді.

Қала басшылығының қолдауымен жоба өз жетістігін беріп отыр деп ойлаймын. Әрине бұл бастамасы ғана. Оны жақсы түсініп отырмыз. Бұл жоба балаларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жоба әрі қарай да жалғасын табады. Қаладағы 28 инклюзияны қолдау кабинеттерінің қатары тағы 20 кабинетпен толықпақ. Балабақшаларда былтырдан бастадық. Заман талабы, ата-аналардың талабы болғандықтан осындай кабинеттерді ашып жатырмыз. Балалар колледжде 4-5 айдың ішінде білім алып шықты. Енді олар ата-аналарының көмекшісі болады. Болашақта жұмыс істегісі келсе де, мамандықтарын әрі қарай жалғастырса да, бұл курс алғашқы қадамдары болды деп сенеміз, - деп Сенғазыев балаларға сәттілік тілеп, куәлік табыс етті.

Сондай-ақ биыл 9-сыныпты бітірген 8 ЕБбҚ бар жасөспірім ОӨК-ден кейін колледжге түскенін еске сала кетейік.

“Аспаз” бағыты бойынша өндірістік оқудан өткен ерекше баланың анасы Ксения Цун ұлының арманы жайлы айтып, оның мамандық алуға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін жеткізді.

Менің ұлым өз мейрамханасын ашуды армандайды. Ана ретінде мен ұлым үшін өте қуаныштымын. Оның оқуға қуана барғанын мақтан тұтамын, бұл ұлымның мамандық алуына мүмкіндік және үміт берді. Бұл мүмкіндік тек кәсіби қолдау ғана емес, сонымен бірге ең бастысы, өзіне тамақ пісіріп, осы машығы арқылы өз отбасын бақытты етуге мүмкіндік береді, - деді Ксения Цун.

Өндірістік тәжірибеден өткен 18 жастағы Асылбек Сатинов түрлі тәттілер әзірлеп үйренгенін айтты. Ол Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжіне грантқа түскен.

Курста асхана құрал-жабдықтарымен, техникаларымен жұмыс істеп, мәзір құрамын дәптерге жазып үйрендім. Сондай-ақ самса, торттар, круасан пісіруді үйрендім. Бұрын зауытта жұмыс істегім келетін, - дейді елордалық.

“Болашақ” бағдарламасының түлектері құрған “Болашақ” корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін дамыту бойынша “Әр бала мектепке баруға лайықты” бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 13 жыл ішінде қор Қазақстанның 22 қаласында 80-нен астам мамандандырылған оңалту орталықтары мен кабинеттерді, оның ішінде 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. Жобамен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2000-нан астам бала қамтылды, оның ішінде 800-ден астам бала үйдегі оқытудан шығарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы