Әскерилер соғыс ардагерін 101 жасқа келуімен құттықтады
Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, қалалық әкімдік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтап барды.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 1939 жылы ауыл мектебін бітірген. Соғысқа дейін совхозда жұмысшы болып еңбек еткен.
17 жасқа толған шағында әскер қатарына шақырылған қарт майдангер Ржев қаласы маңындағы шайқастарға, Великие Луки операциясына қатысып, Польша, Румыния және Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етті. Соғыстан ефрейтор шенімен оралған.
Майданда көрсеткен ерлігі үшін ардагер I және II дәрежелі Отан соғысы, «Маршал Г.К. Жуков» ордендерімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін Рзағұл ақсақал Ақмола облысының Рождественка совхозында экспедитор болып жұмыс істеген. 1983 жылы құрметті демалысқа шықты. Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан бес немере, жеті шөбере сүйген. Қарт майдангер қазір немересі Талғаттың отбасымен бірге тұрады.
«Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов ардагерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтауын жеткізіп, соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтты.
Ардагерге сыйлық ретінде мектеп оқушылары мен жасарбаздықтар өлең оқып берді. Ал қалалық оркестр әскери марштар ойнап, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өнерпаздары әннен шашу шашты.
Майдангер құттықтауды жылы қабылдап, әскери қызметшілерге табысты қызмет, отбасылық амандық және ашық аспан тіледі. Ғасырдан асқан ақсақал өзін ұмытпаған ұрпаққа алғысын айтып, ақ батасын берді.