Әскери зейнеткерлер айырбастау құқығын пайдалану арқылы тұрғын үйді жекешелендіре алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2018 жылы тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізілгеннен кейін әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайында оң өзгерістер бар. Осы уақыт аралығында 9 мыңнан астам әскери қызметші үйлі болды.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолданыстағы бұл үлгі оларға ағымдағы тұрғын үй төлемдерін жинақтауға, ипотекалық несиеге тұрғын үй сатып алуға, жалға алған тұрғын үйді төлеуге, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналар енгізуге, өз үйін салуға мүмкіндік береді.
Заң жүзінде күнтізбелік есеппен 20 және одан да көп жыл қызмет еткен әскери қызметшілер тұрғын үйді ақысыз жекешелендіре алады немесе ақшалай өтемақы ала алады.
Бұл түзетулер қабылданғанға дейін тұрғын үй мәселесін шешу 10 жылдан астам, бірақ 20 жылға дейін еңбек сіңірген әскери қызметшілер санаты үшін проблемалы болған еді. Сол себепті әскери қызметтен босатылғаннан кейін олар ұзақ уақыт бойы жабық әскери қалашықтарда тұрғын үйді жекешелендіру құқығынсыз өмір сүрді. Заңнамадағы өзгерістер әскери зейнеткерлерге айырбастау құқығын пайдалану арқылы тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік берді.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың айтуынша, қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерге ауыстырғаннан кейін әскери зейнеткерлер оны қалдық құны бойынша жекешелендіре алады. Семей полигонындағы ядролық сынақтардан және Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адам мәртебесі берілгендер тегін жекешелендіру құқығына ие.
30% бастапқы жарна төлеген жағдайда қалған соманы 10 жылға пайызсыз төлеу де қарастырылған, - деді М. Таласов.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы әскери қызметтен запасқа шығарылған 742 тұлға жабық әскери қалашықтарда тұрған. Осы уақыт аралығында олардың жартысы (371) қызметтік үй-жайды еліміздің кез келген қаласындағы тұрғын үйге ауыстырды.
Айта кетсек, ең көп сұранысқа ие пәтерлер Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей Талдықорған және Тараз қалаларында орналасқан.
Бос тұрғын үй қоры туралы барлық ақпарат Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында орналастырылған. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» бөлімінде қалалар бойынша бөлмелер саны, ауданы және тұрғын үй құны көрсетілген. Бүгінгі таңда алмастыру үшін ұсынылған 134 қызметтік пәтер бар.
Әскери қызметтен запасқа шығарылған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.