Әскери ұшқыштар біліктілігін арттыруда
Алматы облысындағы 53975 әскери бөлімінде және Ақтөбе облысындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының «Хлебодаровка» әуеайлағында сыныптық біліктілікті арттыру үшін армиялық авиация ұшқыштарының жиыны өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алатау қаласында өткен жиынға еліміздің әр өңірінен 40-тан астам ұшқыш қатысты. Сыныптық біліктілік дегеніміз әскери ұшқыштың білім деңгейінің, практикалық машықтары мен дағдыларының көрсеткіші, белгілі бір уақыт стандарттарына сай функционалдық міндеттерді орындауы.
Әскери ұшқыштар әр типтегі Ми-8, Ми-17, Ми-35, Ми-171 және Еурокоптер ЕО-145 сияқты тікұшақтарында жаттығуларды орындап шықты.
Оқу сабақтары барысында ұшқыштардың барлық әрекеттері нақты және сенімді түрде пысықталды, себебі ұшуларды жас ұшқыштарға тәлім ететін тәжірибесі мол жоғары білікті мамандар орындады. Нәтижесінде жиынның мақсаттарына қол жеткізілді, шеберлік пен жауынгерлік дағдыларды арттыру бойынша ұсынымдар әзірленді, – деп атап өтті ұшқыш-нұсқаушы полковник Дмитрий Попов.
Сыныптық біліктілікті алу – ұшқыштардың ұшу шеберлігін арттыруға ынталандыру түрі. Бұл оның кәсіби дайындық деңгейін сипаттайтын көрсеткіш, білім мен практикалық дағдылар деңгейіне сәйкес белгілі бір уақыт стандарттарына сай және жоғары деңгейде функционалдық міндеттерді орындау мүмкіндігі. Сыныптық біліктілікті арттыру үшін әскери ұшқыш кез келген ауа-райы жағдайында, күндіз-түні белгілі бір уақытқа ұшып, жауынгерлік міндетті ұшулар санын «өте жақсы» деген бағамен орындауы қажет. Мысалы, «ұшқыш-мерген» деңгейіне жету үшін көптеген жылдар бойы ұдайы жаттығулар қажет.
Айта кету керек, «Хлебодаровка» әуеайлағындағы армия авиациясы 30153, 19132 әскери бөлімдерінің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының және Әскери-әуе күштері қолбасшысы басқармасының ұшу құрамын тарта отырып өтіп жатқан жиын 20 наурызға дейін жалғасады.