Әскери-техникалық мектептердің құрылғанына — 22 жыл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2000 жылғы 15 мамырда «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» РМҚК құру туралы» Үкімет қаулысы шыққан болатын деп хабарлайды министрліктің баспасөз орталығы.
Міне, осы уақыттан бері Әскери-техникалық мектеп өзінің тарих беттерін патриоттық тәрбие беруден, жастар мен халықты Отанды қорғауға Қазақ КСР ДОСААФ ұйымдарынан (армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесетін ерікті қоғам) даярлаудан бастады.
Бүгінгі таңда еліміздің бүкіл өңірінде Әскери-техникалық мектептің 15 филиалы бар. Олар әскерге шақырылушылар мен әскери дайындалған резервті даярлауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жолында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Оқу үрдісінде оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолданатын педагогтардың жоғары кәсіби құрамы жастарды сапалы даярлауға ықпал етеді. Осы уақыт аралығында Әскери-техникалық мектептердің филиалдары 76 мыңнан астам маман дайындады.
Мектеп филиалдарында «B, C, C1» санатындағы әскери жүргізушілерді, МТЛБ механик-жүргізушілерін және радиотелеграфистерді дайындайды. Уақыт талаптарын ескере отырып, әскери-техникалық мамандықтар тізбесі де әрдайым өсуде.
2013 жылдан бастап «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес азаматтарда 40 жұмыс күні ішінде өтеулі негізде әскери-есептік мамандық алу мүмкіндігі пайда болды. Бұл оқу орындарда әскерге шақыруды кейінге қалдырылған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды 24 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар оқи алады.