Әскери-техникалық мектепте Ашық есік күні өтті
Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Владимир Дмитриевич Белозеров ҚР Қорғаныс министрлігі Алматы әскери-техникалық мектебінің құрметті қонағы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Тәжірибелі қарт майдангер мектеп оқушыларына әскери өмірдің әліппесін үйретті. Майданда Владимир Дмитриевич взвод командирі болған. Жауынгерлік жастығын еске алған оның: «Түзел! Тік тұр! Орныңда адым бас!» деген пәрмендеріне оқушылар саптық дайындық элементтерін орындап, бірден жауап бере алды.
Владимир Дмитриевич Шымкенттің тумасы. 1941 жылы соғыс басталған кезде темір жол училищесінде оқып жүрген болатын. Бір жылдан кейін Белозеровтар отбасы Алтай өлкесіне қоныс аударады. 1943 жылы
18 жасында әскерге шақырылып, Барнауыл жаяу әскерлер училищесіне оқуға жіберіледі. Бірақ олар оқуын аяқтамай, маусым айында бүкіл курс болып, майданға аттанады.
3-ші Украина майданы 92-ші гвардиялық дивизиясының 280-ші атқыштар полкінде қызмет етті. Днепрден өту кезінде Владимир Белозеров басынан ауыр жарақат алады. Ол госпитальде ұзақ уақыт ем алып, контузиясына байланысты майданға орала алмады.
Ұрыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» және Отан соғысы ордендерімен марапатталды. 28 жыл Алматы құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеді. Жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін 1990 жылы Владимир Дмитриевич Ленин орденімен марапатталды.
Ардагер әлі күнге тың көрінеді. Жұбайы Тамара Ивановнамен бірге тұрады. Ол өзінің сергектігін былайша түсіндіреді:
57 жыл бойы менің әр таңым жүгіруден басталды. Күн сайын Жандосов көшесінен Төле би көшесіне дейін 5 шақырым жүгіріп өтемін. Жүгіріп келген соң бір сағат гимнастикамен айналыстым. Сағат 8-ге таман жұмысыма кететін едім. Өкінішке қарай, операциядан кейін жүгіруді тоқтаттым. Бірақ менің таңым осы күнге дейін жаттығудан басталады, -деді ардагер.
Ардагермен кездесуден кейін Бостандық ауданының оқушыларына қызықты экскурсия ұйымдастырылды. Балалар Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, газтұмылдырық кию, арқан тарту, басқа да әскери жаттығуларды орындаудан жарысты.
Жеңімпаздар грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Іс-шараға сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары, әдіскерлер мен Алматы оқу орындары әскери-патриоттық клубтарының басшылары қатысты.