Әскери-тарихи мұражайында «Соғыстағы әйелдер» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Аталған экспозиция Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылу үстінде. Оның негізгі мақсаты – сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсеткен қазақстандық арулар туралы сыр шерту. 

Бұл туралы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ даласы ерлермен қатар туған жерді қасық қаны қалғанша қорғап, батырлық танытқан нәзік жандыларға кенде емес. 

Қазақ қыздары Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Мәселен, Аққағаз Досжанова мейірбике ретінде майданға жіберілді, жараланғандарға көмек көрсетті, госпитальдарда жұмыс істеді. 

Азамат соғысы жылдары ағартушы Алма Оразбаева қазақ жауынгерлерінен құралған эскадронның комиссары болған. 

Ұлы Отан соғысында майдан даласында мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, ұшқыш Хиуаз Доспанова жаумен шайқасып, жеңісті жақындатты.   

Күміс көмей әнші Роза Бағланова бұлбұл даусымен майдандағы, ауруханалардағы және тылдағы жауынгерлерді рухтандырды. Қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі – Күләш Байсейітова концерттік топтың құрамында бірнеше рет майданда өнер көрсеткен. 

Көрмедегі жәдігерлер соғыстар мен қарулы қақтығыстарға қатысқан басқа да көптеген қазақ әйелдеріне арналған. 

Көрмеге келушілер үшін Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің және әскери оркестрдің орындауында соғыс жылдарындағы әндер мен әуендер шырқалу үстінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы