Әскери шеру: Алаңда не көрсетіледі?
9 мамыр күні Астана қаласында өтетін әскери парадта отандық әскери техника мен тарихи формадағы сарбаздар сап түзеп, ел армиясының қуатын танытады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңарған техника мен әскери қуат
Көрермендерге Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардың қару-жарағында тұрған заманауи жоғары технологиялық жауынгерлік машиналар үлгілері, соның ішінде отандық өндірістегі техника көрсетіледі.
Олардың қатарында:
– «Арлан», Т-72, БМП-2, БТР-82А, «Акация», «Тюльпан», «Град», «Ураган», «Смерч»;
– «Бук», «Тор» ЗЗК, «Кобра», «Алан»;
– «Кобра-2», «Барыс» техникалары;
– минасыздандыруға арналған роботтар;
– A-400, L-410, Beechcraft B-350 ұшақтары;
– Ми-171, Ми-35, Ми-8, H-130, EC-145 еврокоптерлері.
Әскери парадқа Қарулы Күштердің, басқа құрылымдардың 4000-нан астам әскери қызметшісі қатысады. Көрермендер саны шамамен 5000 адам болады. Парад кезінде қауіпсіздікті Мемлекеттік күзет қызметі мен ІІМ қамтамасыз етеді. Көлік қозғалысы шектеліп, патрульдер күшейтіледі. Мобильді медициналық пункттер, жедел жәрдем, бақылау аймақтары қарастырылған.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері парадқа арнайы шақырылған қонақтар ретінде қатысады.
Тарихи көрініс: Т-34, «Катюша» және санитар әйелдер
Парадтың тарихи бөлігінде Қызыл Армия сарбаздары мен санитар әйелдер сап түзеп өтеді. Ұсынылатын техника:
– Т-34 танкі;
– ЗИС-2 зеңбірегі;
– М-30 гаубицасы:
– БМ-13 «Катюша».
Басқа елдерден кімдер қатысады?
Парадқа 30-ға жуық елдің әскери-дипломатиялық өкілдері шақырылған. Арасында: Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Жапония, Ресей, БАӘ және т.б.
Биылғы жылы ерекше назар тарихи жадымыз бен қазіргі Қазақстан армиясының жетістіктерінің үйлесіміне аударылады, – делінген министрліктің жауабында.
Алғаш рет соғыс кезіндегі формамен парадтық бөлімдер мен жауынгерлік тулар алып өтіледі.
Техниканың жаңа үлгілері мен әуе көрсетілімі
Отандық зауыттарда жасалған, жаңғыртылған техника көрсетіледі. Парадқа Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, арнайы операциялар күштерінен 4000 адам қатысады. 60-тан астам авиациялық техника жоғары пилотаж көрсетеді.
Реконструкцияланған форма мен әскери символика
Тарихи бөлімше формалары армияның жетістіктерін, ерлігін, фашизмге қарсы күрестегі рөлін көрсетеді. Бұл – тарихи маңыз бен тағзымның көрінісі.
Дайындық жұмыстары қашан басталды?
2024 жылдың қыркүйегінде басталған дайындық ақпанның соңынан бастап қыза түскен. Оған парад киімдері, техниканы көшіру, жаттығулар кіреді. Биыл парадта Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері алғаш рет көрініс береді.
Қанша әйел әскери қызметші қатысады?
200-ден астам әйел әскери қызметші арнайы іріктеуден өтіп, жеке парадтық есеп ретінде сапқа тұрады.
Ұшқышсыз аппараттар мен дрондар бола ма?
Барлау, бақылау және нысана көрсетуге арналған отандық және шетелдік өндірістегі жеңіл, ауыр типтегі БПЛА ұсынылады.
Қорғаныс әлеуетінің бағыттары
Парадта келесі бағыттар көрсетіледі:
– ӘШҚҚ жүйелері мен радиолокация;
– Әскерлердің ұтқырлығы;
– Жаңа техникалық жарақтандыру;
– Әскери-теңіз әлеуеті;
– Жеке құрамның кәсіби дайындығы;
– Отандық ҚӨК өнімдері.