Әскери қызметтен жалтарғандар жазаға тартылады - Қорғаныс министрлігі

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге шақыру жасындағы азаматтардың күштеп ұсталып, әскери басқару органдарына жеткізіліп жатқаны туралы бейнематериалдар тарап жатыр. Бұл жағдай қоғамда қызу пікірталас туғызды. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда науқан кезінде бірқатар қиындықтар кездесіп отырады.

Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуімен байланысты, – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Министрлік рейд кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талабына қарсы шыққан азаматтар мәжбүрлі түрде жеткізілетінін атап өтті. Бұл заң шеңберінде жүзеге асады.

Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді– деп нақтылады министрлік.

Сондай-ақ ведомство мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Қорғаныс министрлігі азаматтарды жалған ақпарат таратудан бас тартып, заң талаптарын құрметтеуге шақырды. Ведомствоның мәлімдеуінше, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың ортақ борышы мен міндеті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы