Әскери қызметшілерге өтемақы қалай беріледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарынан бастап әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешудің жаңа алгоритмі жұмыс істейді. Заңнамадағы өзгерістердің мақсаты – кадрдағы әр қызметшіні қызметі аяқталғаннан кейін баспанамен қамтамасыз ету. 

Жаңа механизмнің қосылғана екі жыл өтсе де, мәселелер әлі де азаяр емес. Бұл мәселе жайында Жоғарғы соттың судьясы Елена Максют тарқатып айтты.

Жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда және шекара бөлімдерінде орналасқан қызметтік тұрғын үйлер жекешелендірілмейді. Сондықтан бұл жағдайда Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңның ауыспалы ережелерінің нормалары қолданылады. Олар бойынша 2013 жылдың 1 қаңтары кезінде қызметте кемінде 10 жыл болған әскери қызметшілерге жекешелендіруге болатын қызметтік тұрғын үй (жабық қалашықтарда орналасқан тұрғын үйлерді қоспағанда) беріледі, - Елена Максют.

Оның айтуы бойынша, жабық әскери қалашықта тұрғын үйі бар әскери қызметші оны басқа үйге айырбастап, кейін жекешелендіре алады. Ол үшін оның еңбек өтілі 10-20 жыл болып, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқаруына байланысты әскери қызметтен босатылуы керек.

Мынандай мысал келтірейін. Талқыланып жатқан Заңның новеллалары заңды күшіне енгеннен кейін талапкер әскери гарнизонда орналасқан тұрғын үйді жекешелендірудің орнына ақшалай өтемақы алу үшін сотқа жүгінеді. Алайда өтемақы алудың басты шарттардың бірі – әскери қызметте 20 жылдық еңбек өтілінің болуы. Сотқа арыз берушінің запасқа шыққан күндегі еңбек өтілі 20 жылдан аз болғандықтан, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады, - дейді судья.

- Сонда өтемақыны кім ала алады?

Ақшалай өтемақы төлеу ережелері бойынша өтемақыны 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде жасы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқаруына байланысты әскери қызметтен босатылған және еңбек өтілі 20 жылдан көп адамдар ала алады. Осыған қоса олар жұмыстан босатылған кезде қызметтік тұрғын үйі болмауы керек және бұрын тұрғын үйді жекешелендіру құқығын іске асырмаған болуы қажет, - деді Елена Максют.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы