Әскери қызметшілердің жалақысы тағы өсе ме?
Әскери лауазымдық жалақы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бір рет өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне әскери қызметкерлердің жалақасы мен әлеуметтік пакеті бойынша сауал жолдаған болатын. Министрлік жолдаған жауапқа сүйенсек, әскери лауазымдық жалақы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бір рет өсті. Енді келесі жылдың басынан бастап олардың жалақысы тағы өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақыларын арттыру 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу бойынша жүзеге асырылды, екінші кезең 2026 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Нәтижесінде әскери қызметшілердің көпшілігінде лауазымдық айлықтары өсті, - делінген жауапта.
Сондай-ақ, әскери қызметшілерге бұрын тоқтатылған жеңілдіктерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр:
- әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемақыны отбасының әрбір мүшесіне төлеу арқылы көлемін өзгерту;
- әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелерінің жылына 1 рет демалыс орнына барып-қайту үшін жол жүру ақысын тегін етуді қайтару;
- әскери қызметшілердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қайтару;
- әскери қызметшінің жауынгерлік, жұмылдыру, оперативті дайындық бағдарламалары бойынша 1 тәуліктен артық далалық жағдайларда болуы барысында, сондай-ақ арнайы далалық жұмыстарды орындауда тәуліктік норманың 60% есебінен ақшалай үлесті қайтару.
Әскери қызметшілерге "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес 2025 жылғы 1 шілдеде 1,2 АЕК мөлшерінде далалық төлемдер жүзеге асырылады, - деді Қорғаныс министрлігі.
Бұған дейін Қазақстанда "ақылды" мерзімді қызмет іске қосылғанын жаздық. Қорғаныс министрлігі жаңа форматтағы мерзімді әскери қызметтің SARBAZ+ пилоттық жобасын іске асыруда.