Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтер жыл қорытындысын шығарды
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен бас басқармалардың әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызметтердің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы баяндамаларды назарға алған Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілердің отбасы мүшелері әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің кең ауқымын шешуде өздеріне көрсетілетін жәрдемді сезінуі керек екенін атап өтті.
Банктерде міндеттемелері бар, құмар ойындарға деген құштарлық және басқа да мән-жайлар себеп болуы мүмкін отбасылық қиыншылықтар туындайтын әскери қызметшілердің отбасылары назардан тыс қалмауға тиіс, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Осы мақсатпен аталған қызметтер тарапынан әскери қызметшілердің отбасыларындағы әлеуметтік жағдай мен моральдық ахуалға мониторинг жүргізіледі. Жас және көпбалалы отбасыларға, әскери қызметшілердің мәдени бос уақытын ұйымдастыруға, ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Отбасыларға консультациялық, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп келеді.
Біз қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етуге және тұрғын үй алаңын кеңейтуге көмектесеміз. Әскери қызметшілердің әйелдерін жұмысқа орналастырумен айналысамыз. Қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрамыз. Бұған қоса әскери қызметшілердің денсаулығында проблемалары бар балалары да назардан тыс қалмайды, – дейді ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Биылғы жылы демеушілер мен ардагерлерді тарта отырып, 600 млн теңгеден астам сомаға әскери қызметшілердің емделуге және оңалтуға мұқтаж 23 баласына көмек көрсетілді.
Жиынға қатысушыларға практикалық психология саласындағы мамандармен кездесулер ұйымдастырылды.
«Крылатые годы» оңалту орталығының құрылтайшысы Айдос Ибрагим құмар ойындарға патологиялық бейімділіктен зардап шегетін адамдармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Психолог осындай тәуелділіктің белгілері мен лудоманияның алдын алу әдістеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
«Крылатые годы» оңалту орталығы психологиялық қызметінің жетекшісі Эдуарда Зайцева отбасылық қақтығыстар мен жақын адамдардың тәуелділігі туралы айтты.
Жиын қорытындысы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылармен жеке жұмысты күшейту, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, білім беру, банк секторының, ғылыми және емдеу мекемелерінің өкілдерімен кездесулер өткізу тәжірибесі ұсынылды.