Әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетіне енгізілген өзгерістер қандай мәселелерді шешеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерінде болған олқылықтар мен қайшылықтарды реттеуге бағытталып отыр.
Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарға түзетулер енгізілуде.
Заңда қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіру, ақшалай өтемақы алу және арнаулы мемлекеттік органның қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкерінің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелеріне пайдалану құқығының ауысуы, қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру көзделіп отыр. Бұдан өзге аталған өзгерістер тұрғын үймен екі рет қамтамасыз ету жағдайын шектеуге де қатысты.
Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін алғаш рет «модульдік (мобильді) тұрғын үй» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың аумағында орнатылып, тез тұрғызылатын тұрғын үйлер.
Заңға түзетулер енгізу әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін кеңейтуді, шыққан уақыттан бастап үш айға дейінгі мерзімге және келісімшарт бойынша әскери қызметке қайтадан кіргенге дейін әскери қызметтің үздіксіздігін белгілеуді көздейді. Осы өзгерістер мен толықтырулар аттестаттау кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізу мәселелерін де қамтитын болады.
Құжатқа абайсызда зиян келтіргені үшін материалдық жауапкершілік шектеуі де сараланды. Сонымен қатар әскери қызметшілер қасақана нұқсан келтірілген жағдайда толық материалдық тұрғыда жауап береді.
Әскери қызметке кіру кезінде жас шектеуі 30 жастан 32 жасқа дейін, 6 айға ұлғайды. Мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша әскери қызметшіге шекті жастан жоғары әскери қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
«Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңда әскери қызметшілердің және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызмет өткеру тәсілдерін біріздендіруге бағытталған түзетулер де қарастырылып жатыр.