Әскери қызметшілер VIII Халықаралық армия ойындарына қатысуға дайын
Биыл қазақстандықтар жеті сайысқа қатысады. Олардың үшеуі ел аумағында, төртеуі шетелде өтеді.
«Теңіз кубогы» Әзербайжан жерінде ұйымдастырылып отыр, «Бейбітшілік жауынгері» Арменияда, «Танк биатлоны» және «Эльбрус шеңбері» жарыстары Ресейде өтеді.
Қазақстанға «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» жарыстарына қатысу үшін әр елден әскери қызметшілер келіп жатыр. Соңғы аталған екі байқау да еліміздің аумағында бірінші рет өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Ал «Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысы Жамбыл облысы Гвардейск әскери қалашығында осымен алтыншы мәрте өтпекші. Бұл сайыста қазақстандық артиллеристер әрдайым бірінші орын алып жүр. Биылғы жылы да бірінші орын аламыз деген ниет басым. Халықаралық дүбірлі додаға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан командалары сайысқа түспек.
Қазақстан Қарулы күштерінің басшылығына сайысты осындай қолайлы жағдай жасап, ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз бұл жерге алғаш рет келіп тұрған жоқпыз. Жарысқа мұқият дайындалдық. Әскери қызметшілердің көңіл-күйі жақсы, сәтті жарыс болар деген үміттенемін, – деп атап өтті Қырғыз Республикасы Қарулы күштері командасының басшысы полковник Жоодар Айталиев.
Ақмола облысының Щучинск қаласында топографтар арасында өтетін «Меридиан» әскери-спорттық жарысына Армения, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Қытай, Ресей және Өзбекстанның әскери қызметшілері қатысады.
Біз «Меридиан» байқауына қатысу үшін Армениядан келдік. Мұнда құшақ жая қарсы алды. «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде, әйгілі Абылайхан алаңында болып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының басқа да көрікті жерлерін көрдік. Керемет әсер алдық. Жұмыс істейтін жаңа жағдайға бейімделіп, зерделейтін уақыттың болғаны қандай жақсы, – деп Армения командасының өкілі подполковник Карен Мачкалян алған әсерін айтты.
Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығына «Тактикалық мерген» конкурсына қатысу үшін Армения, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Қытай, Мали, Никарагуа, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскерлерінің мергендері келді.
Әскери қызметшілер жауынгерлік шеберліктерін жеке, жұп болып, топ құрамында және эстафеталық сайыста көрсетіп, бағын сынайтын болады. Жарыстарды өткізу үшін әртүрлі жағдайды имитациялайтын нысана алаңдары мен атыс тирлері арнайы жасалған. Қатысушылар үшін қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қауіпсіз қолдану шаралары жөнінде нұсқаулық та өткіздік, – деп түсіндірді конкурстың бас төрешісі полковник Дидар Аушатов.
Қазіргі уақытта шетелде өтетін конкурстарға қатысатын қазақстандық әскери қызметшілер жарыс өтетін жерлерге келді. Олар Әзербайжанда («Теңіз кубогы») және Кабардино-Балқар Республикасының Терскол жерінде («Эльбрус шеңбері») жаттығулар мен жабдықтарды дайындауға кірісті.
Бұдан өзге, «Алабино» полигонында танкистер жарысына жеребе тастау рәсімі өтті. Қазақстандықтар бірінші дивизионның екінші жарысында жасыл түсті танкте сайысатын болады. «Танк биатлонына» барлығы 21 команда қатысатыны естеріңізге сала кетейік.
Біздің әскери қызметшілер Арменияда өтетін «Бейбітшілік жауынгері» сайысына 10 тамыз күні ұшады.
Халықаралық армия ойындарына 37 елден 275 команда қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл әскери ойындарға алғаш рет Нигер мен Руанда командалары қатысады.