Бүгiн 2026, 15:51 Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери қызметшілер қазақ күресінен өткен чемпионатта 10 алтын медаль жеңіп алды

Жарысқа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 70-тен астам спортшы қатысты.

Қазақстандық әскери қызметшілер ТМД елдері арасында өткен қазақ күресі және самбо чемпионатында 10 алтын медаль иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Достастық елдерінің әскери қызметшілері арасында ұйымдастырылған қазақ күресі мен самбо чемпионатында қазақстандық балуандар ұлттық және әскери-қолданбалы спорт түрлеріндегі жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, 10 алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған спорттық дода Алматы қаласындағы Орталық армия спорт клубының базасында өтті.

Қазақ күресі бойынша жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы 8 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орын – Ресей құрамасына, үшінші орын – Қырғызстан командасына бұйырды.

Ал самбо турнирінде қазақстандық спортшылар 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Бірінші орынды Ресейдің самбошылары алса, үшінші орынды Тәжікстан спортшылары иеленді.

Достас армиялардың XVII Спартакиадасы аясында өткен чемпионат әскери қызметшілердің дайындығы жоғары екенін, олардың қайсарлығы мен шеберлігін айқын көрсетті. Бұл жарыс ТМД елдері әскерлері арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.